"Дәріхана": Түркістандықтар қажетті дәрі жайлы арнайы қосымшадан біле алады

0
1 145

"Amazing Turkistan" қосымшасы Нағыз қажетті бағдарламаға айналды.


Түркістан қаласында дәрі-дәрмек қажеттілігіне байланысты арнайы бағдарлама қосылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында бірнеше ай бұрын туристер үшін іске қосылған "Amazing Turkistan" қосымшасы елдегі сынсағатта нағыз қажетті қосымшаға айналған еді. Әсіресе, #ҮйдеҚал деп денсаулыққа кері әсер туғызып, басын қатерге тікпес үшін, дүкен, азық-түлік базарлары, кафе-ресторандарда үйге дейін жеткізіп беру қызметтері жүзеге асқан болатын.

Ал, бүгінде олардың қатарына, қазіргі жағдайды ескере келе мобильді қосымша авторлары қала әкімдігімен бірге "Дәріхана" бөлімін қосып отыр. Енді түркістандықтар дәріхананың және дәрінің орналасқан жерін, яғни мекен-жайын, тізімі мен атауын, байланыс нөмірін қосымшадан іздеп, таба алады. Сонда көрсетілген дәріхананы басу арқылы байланыс нөміріне өтіп, байланыс жасап, дәріні таба алады. Қажетті дәрі-дәрмекке анкета толтыру арқылы сұраныс жасап, ал ондағы азамат жайлы мәлімет 48 сағатта жойылатын жүйе де қарастырылған.

Сондай-ақ, дәрі бағасының негізсіз көтерілуі сынды жағдайлар орын алған болса да, "Шағымдану" бөлімі арқылы шағым жасауға мүмкіндік бар. "Amazing Turkistan" қосымшасына әсіресе, елдегі әр жағдайда қажетті жүйелерді кірістіруге барынша ықпал жасалып, жылдам қолға алынуда.

Жалпы, наурыз айында іске қосылған "Amazing Turkistan" қосымшасын бүгінде 70 мыңға жуық адам пайдаланады. Ал, бір ғана "Дәріхана" бөлімі арқылы қаладағы 136 дәріханамен байланыс жасап, ақпарат алуға жағдай жасалған. Алда да тұрғындарға аса қажет болар бөлімдермен толықтыру көзделген.