Дархан Сатыбалды Бейжіңде келіссөздер жүргізді

0
305

Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс, жиһаз өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық талқыланды.


Дархан Сатыбалды Бейжіңде келіссөздер жүргізді

Дархан Сатыбалды Бейжіңде іскер топ өкілдерімен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары аясында 20-дан астам меморандумға қол қойылып, маңызды келіссөздер жүргіізілді. Облыс әкімі Бейжің қаласының іскер топтарының өкілдерімен G2B форматта маңызды кездесулер өткізді. Онда құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс, жиһаз өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық талқыланды.


Кездесудің негізгі мақсаты – Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға жеке инвестициялар тартуға, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын сапалы және заманауи техникамен қамтамасыз етуге және отандық өндірісті дамыту саласында сындарлы өзара іс-әрекетті жолға қоюға ықпал ету.


Бүгінгі күндегі отбасылық бизнес – бүкіл әлемге таралған кәсіпкерліктің түрі. Отбасылық бизнес құруға Түркістан өңірі де ден қойды. Отбасылық (туыстық) бизнес үлесі тамырын кеңге жайып келеді. Әлемнің дамыған елдерінде атадан балаға мұра болып қалатын кәсіп экономиканың негізгі қозғаушы күші болып есептеледі.


Облыс әкімі жүздескен компаниялардың басым бөлігі осы отбасылық бизнес өкілдері. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін егуден бастап, терең өңдеп, әлемдік нарыққа шығарған. Жоғары технология, компьютерлік жүйе, экологиялық таза өнім сатуды мықтап қолға алған кәсіпкерлер Түркістан облысына инвестиция құюға, жергілікті шаруалармен тәжірибелерімен бөлісуге дайын.


Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Сондай-ақ 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» екеніне тоқталып, бұл отандық туристік компанияларға, сондай-ақ туризм нысандарын кеңірек насихаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді.


Облыс әкімі атап өткендей, туристік әлеуетті жоғарылату арқылы экономиканың да әлеуетін көтеруге мүмкіндік бар. Визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл әсіресе, алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзекті.


Ең үлкен аймақ саналатын Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға күш салынған. Облыс орталығында жиһаз өндірісінде өсім бар. Бұл салада көш бастаған Қытай кәсіпкерлері өз тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіруге ниетті.


Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – жалпы аумағы 540 га 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 га алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталаған өндірістік ғимараттарды бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.