Дархан Сатыбалды спорт кешенінің құрылысымен танысты

0
1 216

Тұрғындардың сұранысымен қолға алынған.


Дархан Сатыбалды спорт кешенінің құрылысымен танысты

Созақ ауданында заманауи үлгідегі «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданының орталығы, Шолаққорған ауылынан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауданы 3 га болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай. Кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және аралас жекпе-жек пен боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесуінде көтерілген мәселеден соң құрылысы қолға алынған заманауи спорт кешенін келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның құны 2 млрд. 65 млн. теңгені құрайды. Облыс әкімі


Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев пен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековпен бірге заманауи спорт кешенінің құрылыс алаңында болды.


"Созақ ауданына былтырғы сапарымда, осы ауданның тумасы, Мұрат есімді жаттықтырушы азамат Шолаққорған ауылында спорт сауықтыру кешенін салу жөнінде ұсыныс көтерген болатын. Аталған ұсыныстың маңыздылығын ескере отырып, Шолаққорған ауылында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша шешім қабылданды. Спорт кешенінде футзал, бокс, күрес залы, 25 метрлік бассейн, сондай-ақ, кешеннің сыртқы аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жеңіл атлетика жолы қарастырылған. Бұндай заманауи үлкен спорт кешені сіздердің ғана аудандарыңызда бой көтеріп жатыр",-деді Дархан Сатыбалды.


Созақтықтардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 6 балалар ойын алаңшасы, 7 кіші футбол алаңшалары және 6 стрит воркаут алаңшасы салынған. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны бүгінгі таңға 26 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жетті.


Қазіргі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында Созақ ауылында спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Кешен пайдалануға осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады (жоба құны 483 млн. теңге). Бұдан бөлек, Қаратау ауылында жабық кіші футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Нысан биылғы жылдың қыркүйек айында тапсырылады (құны 93,4 млн. теңге).


Созақ ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудандағы индустриалды аймақты аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Ауданда отандық өндірісті дамытып, бірлескен инновациялық жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы экспорттық нарықтарды игеруге басым бағыт берілген. «UKO-S Star металл құрастыру зауыты» ЖШС-нің жұмысымен танысқан облыс басшысы кәсіпкерлерді ауданның көркеюі мен әл-ауқатының жақсаруы үшін біріге жұмыс істеуге шақырды.


"Кәсіпкерлік саласы – бүгінгі күннің басты талабы. Оны дамытуда мемлекет тарапынан қолдау көп. Еңбектенемін деген жанға мүмкіндік мол. Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Шағын бизнесін шарықтатып отырған кәсіпкерлер саны біздің өңірде күн санап көбеюде. Бізге орта бизнестің дамуына тың серпін беретін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Әкімдік бизнес-идеяларды қолдауға әрқашан дайын. Жаңа жұмыс көздерінің ашылуы да қуантарлық жағдай. Осы бағытымыздан таймаймыз",-деді Дархан Сатыбалды.


Кәсіпорын уран өндірісіне арналған 210 литрлік металл бөшкелерін шығарып, ауданда өндіріліп жатқан уран өндірісіне қажетті құрал - жабдықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етуде. Зауыт жылына 170 000 дана металл бөшке шығарады. Сондай-ақ техникалық майларға арналған ыдыс жасауды қолға алды. 35 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.