Қазақстан білім экономикасына көшіп жатыр

0
131

Бұл бағыттағы басты мақсат — инновация мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру, адами капитал сапасын көтеру және білімді табыс көзіне айналдыру екені анық.


Қазақстан білім экономикасына көшіп жатыр

Бүгін Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім экономикасына көшіп жатқанын айтып, ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін байланыстырудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ғылым-білімге салынған мемлекеттік «инвестицияның» қайтарымы көңіл көншітпейтінін де жеткізді. Президенттің айтуынша, жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже өте аз.


— Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн. Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек. Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады. Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, шет елден еліміздің дамытуына үлес қоса алатын мықты мамандарды тарту және оларға қолайлы жағдай жасау арқылы елде қалуына ықпал ету — маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, елімізде білікті мамандар, әсіресе техникалық мамандықтарды жетік меңгерген мамандар тапшылығы анық байқалады.


Десе де, отандық білім экономикасы әлі де даму сатысында, бір орында тұралап қалмай, бірте-бірте алға жылжып келеді. Бұл бағыттағы басты мақсат — инновация мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру, адами капитал сапасын көтеру және білімді табыс көзіне айналдыру екені анық.


Тиісінше, елімізде білім экономикасын дамыту үшін білім беру саласын цифрландыру, ІТ саласына мамандар даярлау, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігі, EduTech, STEM, AI Lab орталықтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, шет елдік мамандарды тарту жұмыстары бірнеше бағыт бойынша іске асырылуда.


Атап айтқанда, академиялық ортада Назарбаев университеті, Астана IT университеті сияқты мекемелерде әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен келген профессорлар жұмыс істейді. Visiting professor бағдарламалары арқылы уақытша шетелдік сарапшылар да тартылуда. IT және технология саласына тоқталсақ, Astana Hub технопаркі шетелдік стартапшылар мен мамандарды тартуға жұмыс істеп жатыр. Ал Digital Nomad Visa бағдарламасы аясында ІТ саласындағы шетелдік мамандар Қазақстанда еркін жұмыс істей алатын мүмкіндік қарастырылған. Еңбек нарығына келсек, Қазақстан Үкіметі жоғары білікті мамандарды (инженер, медицина, ІТ) «жаңа экономика» секторына тарту мақсатында арнайы квоталар қарастырған. «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқыған қазақстандықтар да елге оралып, шетел тәжірибесін қолданысқа енгізуде.


Жалпы, Қазақстандағы білім экономикасы қалыптасу кезеңінде. Адами капитал мен білімнің экономикадағы үлесі артып келеді, бірақ ғылымға қаржыландыруды күшейту, шетелдік тәжірибені белсендірек енгізу қажет. Шетелдік мамандарды тарту арқылы жаңа технологиялар мен тәжірибелердің трансфері іске асып, елдің интеллектуалдық әлеуеті нығая береді деп ойлаймын.


Төрегелді Қалмұратов,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,

«Ауыл» партиясының өңірлік филиалының төрағасы.


Бөлісу