Енді жергілікті оқушылар өз ауылында жайлы әрі жаңа мектепте білім алуға мүмкіндік алды.
Келесте «Келешек мектептері» жобасы аясында 300 орындық білім ошағы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде Келес ауданы, Біртілек ауылдық округінде 300 орындық жаңа №66 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты Білім күнімен құттықтады.
— Бүгін біз 1 қыркүйек – Білім күнінде кездесіп отырмыз. Баршаңызды Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 48 мыңнан астам оқушы қабылданды. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалардың көбеюі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Жоба аясында өңірімізде 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында 16 мектеп іске қосылады. Келес ауданында 3 бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Бұл – балаларымыздың болашағына жасалған қолдау, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы.
Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасы кең әрі жарық оқу кабинеттерімен, пәндік зертханалармен, спорт залы, асхана, кітапхана сияқты қажетті инфрақұрылымдармен толық жабдықталған. Сонымен қатар мектепте сенсорлық бөлме, инклюзивті сынып, музыкалық аспаптармен қамтылған музыка кабинеті, робототехника және STEM зертханасы, би үйірмесіне арналған арнайы кабинет қарастырылған.
Жаңа мектептің салынуы Біртілек ауылындағы тұрғындар үшін аса маңызды. Өйткені бұған дейін 1988 жылы салынған 60 орындық №17 «Еркіндік» бастауыш мектебі ескірген, ал 300-ге жуық бала көршілес Абай ауылындағы мектептерге тасымал арқылы қатынап оқитын еді. Енді жергілікті оқушылар өз ауылында жайлы әрі жаңа мектепте білім алуға мүмкіндік алды. №66 мектеп ұжымы мен ата-аналар игі істің жүзеге асқанын зор қуанышпен қарсы алып, еліміздің келешегі үшін мұндай қадамдардың маңызы зор екенін атап өтті.