Сараптама тобының қызметкерлерімен кездесті.
ҚР ІІМ-нің орынбасары Марат ҚОЖАЕВ Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына ҚР ІІМ-нің бірінші орынбасары Марат Қожаев арнайы іссапармен келді. Мақсат – «Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын қадағалау. Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, ІІМ-нің орынбасары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесті. Кездесуде облыстағы қылмыстық ахуал мен оған қарсы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша әңгіме өрбіді. Түркістан облысы әкімдігінде орналасқан сараптама тобының қызметкерлерімен кездесті.
Сондай-ақ вице-министр облыс орталығындағы маңызды туристік нысандарды аралап, ондағы туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған «SOS» батырмаларымен, стационарлық бекеттердің жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен учаскелік полиция инспекторларының жұмыс ауқымы кеңейіп, олардың техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, жоғары деңгейдегі жұмыс нәтижесін көрсетіп, қылмыстың азаюына ат салысуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осыған байланысты полиция генералы М.Қожаев Түркістан қалалық полиция басқармасына қарасты №4 және №6 тірек пунктеріне арнайы аялдады. Онда учаскелік инспекторлардың қызмет етуін бақылап, профилактикалық іс-шараларға байланысты тапсырмаларын берді.
Түркістан облыстық полиция департаментіне келген Марат Шәдетханұлы «Жедел басқару орталығының» тыныс-тіршілігімен танысты. Полицейлердің бейнекамералармен жұмыс істеуін, сервистік полиция мен цифрландыру бойынша жасалып жатқан жобаларды бақылап, өз бағасын берді. Бұл орталықта қаладағы барлық бейнекамералар бақыланады.
Бүгінде республика көлемінде адам санына шаққан қылмыс саны ең аз облыс – Түркістан. Ал өз кезегінде мұндай нәтижеге қол жеткізуде ЖБО-ның айтарлықтай үлесі бар. Яғни бейнебақылау камераларының көмегімен 2021 жылдың 10 айында 75 502 құқықбұзушылық, ал Түркістан қаласында 36 483 құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ бейнебақылау камераларымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста – 104, ал облыс орталығында 32 қылмыс дер кезінде ашылған. Тағы бір айта кетерлігі саралау жұмыстары кезінде бейнебақылау камералары орнатылған орындарда жол апаты аз. Жоқ деуге де болады. Іссапар аясында М.Қожаев Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрам қызметкерлерімен кездесіп, жиналыс өткізді.
«Түркістанды барлығы – рухани астана әрі туристік орталық ретінде жақсы таниды. Сондықтан осындай қасиетті жердің тәртіп сақшылары, сіздер әрқашан өз жұмыстарыңызға жауапты болып, қылмысты ашуда әділдікті ту етулеріңіз қажет. Полицияны халық әрдайым қорғаушы, жанашыр ретінде сезінуі керек. Ол үшін Президентіміз Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және ҚР ІІМ Е.Тұрғымбаевтың қадағалап, іске асырылуына мұрындық болуымен сан түрлі жобалар жүзеге асуда. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық, қылмыс не болмаса басқалай тәртіпсіздік те мүлде орын алмауы аса маңызды», – деп атап өтті полиция генералы.
Осыдан соң вице-министр Полиция департаменті жанынан ашылған «Азаматтарды қабылдау бөлмесінде» және жаңадан бой көтеріп жатқан Түркістан облысы Полиция департаментінің ғимаратының құрылыс басында болды.