Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық бірінші сессиясы өтті.
Түркістан облысында 2019 жылдың жарты жылдығына өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,1%-ға артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 4,7%-ға артты. Жалпы өңірлік өнім өсімі 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ды құрады. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық бірінші сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі шағын орта бизнес субъектілерінің саны 138 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласынан кейін 2-орында тұр. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 133,7 млрд. теңгені құрап, 39,6%-ға артты. Бұған Түркістан қаласының құрылысы әсер етіп отыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында облыста 70,8 млрд. теңгеге 207 жоба қарастырылған. Бүгінгі таңда 9,1 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банктермен мақұлданып, қаржыландырылуда. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастап тұр.
Өңір басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген 9 бағытқа негізделген тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды.Сол тапсырмаларды сапалы орындау үшін 5 орынбасары мен аппарат басшысын жауапты етіп бекітіп, әрқайсысына міндеттер жүктеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау, ел табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, елді баспанамен қамту, білім беру, медицина, өңірлерді өркендету және өзге де мәселелер жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Біз инвестиция көлемін ағымдағы жылы 20 пайызға арттыруымыз қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында, жиһаз, тамақ, тоқыма салалары бойынша іске асырылатын жобаларды көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруымыз керек. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытатын боламыз. Ауыл шаруашылығы жер телімдеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды, бюджет қаржысын қадағалауды, мемлекеттік мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын. Жалпы, әрбір тапсырманың орындалуы бойынша қадамдық жол картасы әзірленіп, тапсырманың орындалу мерзімі, атқарушы органдар мен олардың жауапты мамандары бекітілетін болады. Бұл тапсырмалардың орындалуын тікелей бақылауда ұстаймын», – деді Ө.Шөкеев.
Сессияда кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Қайнар Абасов пен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев Арыстағы жағдай тұрақтанғанын айтып, өңір басшысының ұйымдастырушылық қабілеті мен жұмысына оң баға берді.
Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров кәсіпкерлікті қолдау мәселесін қозғаса, «Алтын алқа» иегері, білікті ұстаз Майра Исраилова Президентіміздің ұстаздар мәртебесін көтеру жөніндегі бастамаларына ризашылығын білдірді. Студенттік құрылыс жасағының белсендісі Ернар Құдайберген Түркістанды түлетуге жастар да дайын екенін жеткізді.
Сессияға қатысушылар облыс басшысының жұмысына оңбағаларын беріп, Түркістанды түлету бағытындағы жұмыстардың талапқа сай атқарылатынына сенім білдірді.