Биыл ауыл шаруашылығына қолайлы жыл болды. Өйткені, мақтааралдық шаруалар кез-келген өнім түрінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 11 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд теңгені, мал шаруашылығы 9,6 млрд теңгені, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн теңгені құраған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Нақтырақ айтар болсақ аудан диқандары 60 926,3 гектар егістік алқабының 38 593,2 гектарына шитті мақта егіп, қамбаға 96 511,6 тонна ақ алтын жинаған. Мұнан да басқа 316 366,5 тонна бақша өнімдері өндіріліп, 9 104,4 тонна күріш жиналған.
Сонымен қатар, ауданынның егістік жерлерінің құнарлығын арттыру мақсатында 40 мың гектар жер ПУИИД-2 бағдарламасына енген. Жобаның бірінші кезеңі бойынша Еңбекші және Жаңажол ауылдық округіне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымаларды салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды тазалау жұмыстары басталғалы тұр. Жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық округтерінің 16 мың гектарын қамтыса, үшінші кезең бойынша Атакент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округтерінің 15 мың гектардан астам егістік алқабы жер асты суларынан арылып, тұзданудан сақталатын болады.
Жалпы ПУИИД-2 бағдарламасы бойынша жоғарыда аталған 40 мың гектар жерге республикалық бюджет пен Дүниежүзілік даму банкі арқылы I кезеңге 10 млрд теңге, ІІ кезеңге 22 млрд теңге қаржы қарастырылып, мердігерлер анықталды. Ал, ІІІ кезең бойынша конкурс жарияланып, жеңімпаздар анықталу үстінде. Жоба бойынша 220 канал, 208 су қашыртқылары мен 149 тік дренажды ұңғымалар жөнделеді деп жоспарлануда.