Мәслихат – жергілікті басқару органы ғана емес, бұқара мен билік арасындағы АЛТЫН КӨПІР

0
382

Біз қолданып жүрген тиімді жұмыс құралдары, мәслихат құрамындағы білімді де білікті азаматтар, елге пайдасы мол бағдарламалар осы сөзіміздің дәлелі.


Мәслихат – жергілікті басқару органы ғана емес, бұқара мен билік арасындағы АЛТЫН КӨПІР

Осыдан отыз бір жыл уақыт бұрын «Қазақстан Республикасының әкімшілік территориялық құрылымы туралы» және «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» Заң қабылданып, мемлекеттік органдардың құрылымына реформа жасалған болатын. Соған сәйкес, кезде мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының қатарына мәслихаттар да енгізілген. Ал, 1994 жылдың 7 наурызында бірінші шақырылым депутаттарының мәслихат-жиналыстарына сайлау өткізіліп, қазақстандықтар өз таңдауларын жасаған. Бүгінде осы бір елеулі әрі ел ертеңі үшін маңызды оқиғаның орын алғанына отыз жыл толып отыр. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековті сөзге тартып, мәслихаттың қазақ қоғамындағы рөлі, халық қалалаулыларының бұқарамен байланысы, мәслихат пен Мәжіліс арасындағы арақатынас жайындағы сауалдарымызға жауап алған едік.


- Ұласбек Сәдібекұлы, сіздің мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәжірибелі басшы, сақа саясаткер екендігіңізді дүйім жұрт жақсы біледі. Сондықтан алдымен мәслихаттың отыз жылдық тарихына өз бағаңызды бере кетіңізші?

- Ата Заңымызда айқын жазылғандай, барлық деңгейдегі мәслихат – өз өкiлеттiгiн әрбір сессияда мәслихат құрамындағы тұрақты комиссиялар, өзге де құрылымдары және депутаттары мен төрағасы арқылы заң шеңберінде жүзеге асырып келеді. Заң талаптарына сәйкес, жыл сайын тым болмағанда бір рет бұқарамен кездесіп, атқарып жатқан істері жайында есеп беріп жүр. Себебі, мәслихат пен оның мүшелері халық алдында жауапты болып саналады. Бүгінде әбден қалыптасып, өз орнын шегелеп, құзіретін өз деңгейінде қолданып жатқан мәслихаттардың қарауында өңірлердегі түрлі өзекті мәселелер шешімін тауып жатыр. Өңірлерді, қалалар мен аудандарды дамыту, экономикалық-әлеуметтік ахуалын көтеру, бюджетті бақылап, әрбір теңгенің тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, өздеріне жүктелген проблемалардың шешімін табу, әрбір мемлекеттік мекеменің жұмысын қадағалау сынды қыруар қызметті атқарып жатқан да сол мәслихаттар. Сондықтан, бұл құрылымның қызметі мемлекеттің нығаюы үшін өте маңызды деп айтуға болады. Әлбетте, жұмыс жүріп жатқан жерде аз-кем олқылықтар да орын алып жатады. Мұның өзі мәслихат мүшелерінің елмен етене араласып, қоғамды-саяси істерге белсене атсалысып жатқандығының белгісі. Бүгінгі мәслихаттар, әсіресе өзім туып-өсіп, алғаш еңбек жолымды бастап, біршама халқын басқарған Түркістан облысындағы мәслихаттар бұқара мен билік арасындағы алтын көпір қызметін лайықты түрде орындап жатыр деп айта аламын.


- Өзіңіздің Түркістан облысында түрлі лауазымға ие болып, көптеген жыл бойы елдің тұрмысын көтеру жолында абыройлы да, жемісті еңбек еткеніңізді ел біледі. Сондықтан сізден Түркістан облыстық мәслихатының өткені мен бүгіні жайлы пікіріңізді сұрасақ артық болмас?

- Әрине, бұрын да, қазір де Түркістан өңірінің халқымен, жергілікті басқару органдарымен бірлесе жұмыс істеп, әрбір істерін бақылап отырамыз. Оның өткен тарихы жайлы, мәслихаттың бұрынғы жетекшілері туралы айтсақ, әңгімеміздің ұзарып кететіні белгілі. Сондықтан бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтейік. Қазір өздеріңіз білетіндей облыстық мәслихатқа іскер азамат, ел жанашыры Нұралы Әбіш төрағалық етеді. Мәслихат құрамы кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін азаматтардан жасақталған. Жасақталғанда да, олар халықтың таңдаулылары. Жалпы, мәслихат төрағасы мен мүшелерінің ел үшін етіп жатқан еңбектерін тәтпіштеп айтып беруге де болады. Мәселен, былтыр жыл соңында Түркістан облысы бойынша VIII шақырылымдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I облыстық форумы өтіп, барлық деңгейдегі депутаттардың мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылы үшін, сондай-ақ өз қызметін жүзеге асыру кезінде тиімділікті арттыру үшін өкілді билікті дамыту жұмыстары жүргізілді. Тиісінше, Түркістан облысының өкілді және атқарушы мемлекетік билік тармақтарының өзара ықпалдастығын арттыру міндетін мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық әрі тиімді байланыс орнықтыруға ықпал етпек.

Сондай-ақ, мәслихат төрағасының айтуынша, былтыр облыстық мәслихаттың 8 сессиясы өткізіліп, маңызды мәселелерді реттейтін 115 шешім қабылданып, 14 мемлекеттік мекеменің есептері тыңдалыпты. Есебі тыңдалған мекемелердің жұмыстарын зерделеу үшін алдын-ала арнайы уақытша депутаттық топтар да құрылған. Сондай-ақ, депутаттар сессияларда саяси маңызды мәселелерді де қарап, шешімдер қабылдаған. Солардың ең маңыздысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес, облыстық мәслихаттың 2023 жылы пилоттық режимде әкімдердің тікелей сайлауы өтетін аудан, қалалар тізбесін және сайлау күнін белгілеп, шешімдер қабылдағаны деп ойлаймын. Шешімдерге сәйкес, 2023 жылғы 5 қараша күні Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкімдер сайланды. Есепті кезеңде депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолдап, оның 231-і қанағаттандырылып, орындалған екен. 1400-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізіп, 5000-ға жуық азаматтың талап-тілегі назарға алынған. Биылғы жыл бастала сала Түркістан облыстық мәслихатының бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтіп, 8 мектептің құрылысын қаржыландыру, 15 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу туралы мәселе қаралды. Бұл да халық саны едәуір көп өңір үшін өте маңызды мәселелердің бірі. Сондай-ақ, мәлихат мүшелерінің түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, жүздеген адамға демеушілік жасап, кешегі апат аймақтарына қол ұшын созып, өңірдің тазалығына да белсене атсалысып жатқандығын байқаймыз. Оның үстіне ол істердің басы-қасында мәслихат төрағасының өзі жүретіндігі біздің де, елдің де көңіліне үміт ұялатып, мәслихатқа деген құрмет пен сенімнің артуына ықпал ететіндігін атап өтуіміз қажет. Мақтағаным емес, бірақ өз басым соңғы уақытта Түркістан өңіріндегі қай саланың өкілдері болмасын, қандай да бір проблемаға тап болса алдымен мәслихат мүшелеріне арқа сүйейтінін байқап жүрмін. Жергілікті басқару органының өкілдері өз кезегінде ол мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Облыстық мәслихат өз жұмысын осы бағыттан айнымай жалғастыра берсе мемлекет пен халық игілігі үшін қыруар қызмет атқарып, сәйкесінше абырой-беделдері де биікте болады деп сенемін.


- Бүгін Астанада отырғаныңызбен, ҚР Парламенті Мәжілісіне Түркістан облысынан сайланғандықтан, туған жермен байланыс үзілмегені айқын. Бұл тұрғыда облыс, аудан, қалалардың басшылары, халқы және депутаттарымен де қызметтік қарым-қатынасыңыз да берік екенін білеміз. Осы орайда Мәжіліс мінберінде атқарып жатқан істеріңіз жөнінде де айта кетсеңіз?

- Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары органы екендігін атап өткім келеді. Осы себепті депутаттардың жұмысы заң шығару қызметімен тікелей, әрі тығыз байланысты. Парламент Мәжілісіндегі жұмысымның барысында жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, трансферттік баға белгілеу, Ұлттық қордың 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферті, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі, жайылымды пайдалану секілді бірнеше заң жобаларының қабылдануы аясында жұмыс істедім. Сайлаушылардың аманатын арқалап келген соң, аймақтағы аудан, қалалардағы (Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласы) маңызды проблемалардың тиімді шешілуіне жіті назар аударып отырамын. Бүгінгі күнге дейін Парламент Мәжілісінің отырыстарында Үкімет басшылығы мен тиісті салалық министрлік өкілдеріне 10 депутаттық сауал жолдап, халықты толғандырған мәселелерді жеткіздім. Билік тарапынан баршасы назарға алынып, халықтың сұранысына сай шешіліп келеді. Мәселен, Үкімет басшысына халықтың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелеріне қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып арнайы депутаттық сауал жолдаған едім. Бүгінгі күнге дейін бұл бойынша біршама жұмыстар атқарылып, тұрғын үй–коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) құрлысына республикалық бюджеттен 104,8 млрд теңге бөлінді. Оның 46,3 млрд теңгесі 35,1 мыңнан астам жер учаскесін ИКИ-мен қамтамасыз етуге бағытталған. Аудан, қала әкімдіктерінен облыс әкімдіктеріне берілген бірқатар өкілеттіктерді қайта қайтарып, олардың жауапкершілігін күшейту қажеттігі туралы да Үкімет басшысына жеткізгенмін. Қазіргі кезде елімізде мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін орталықсыздандыру бойынша әкімшілік реформа жүріп жатыр. Реформаның бірінші кезеңінде орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға жергілікті жерде әлеуметтік саладағы қызметті ұйымдастыруға бағытталған 21 функция берілді. Бұл ретте, осы өкілеттіктер тиісті салалардағы қызметті тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазіргі таңда әкімшілік реформаның екінші кезеңі шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр. Осы жұмыс барысында әлеуметтік саладағы функцияларды аудан әкімдіктеріне беру жөніндегі мәселелер талқылануда. Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа ендіру бойынша Экология министріне жолдаған депутаттық сауалым бойынша да қазір нақты істер қолға алына бастады. Қазіргі таңда тиісті министрліктер мен Кентау қаласы әкімдігі бірлесе жұмыс істеуде. Қорытындысы да көп ұзамай шығады. Өңірдегі апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін айтып, жолдаған депутаттық сауалым негізінде де біршама жұмыстар жүзеге асатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Түркістан облысында 2024-2025 жылдары екі ауысымда оқитын 98000 оқушыға арналған 63 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған мектептерді салуға Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 344,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Түркістан облысына 37 мектептің құрылысын аяқтауға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 22,6 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса 2023 жылы «Ауыл - Ел бесігі» жобасы шеңберінде білім беру саласындағы 2 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 726 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні Түркістан облысындағы Сайрам және Төлеби аудандарының халқын таза ауыз су мәселесі алаңдатып отыр. Бұл туралы да Парламент Мәжілісінде мәселе көтердім. Түркістан облысындағы ауруханалар мен емханалар басым көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Себебі, өңірде орналасқан әлеуметтік нысандардың көпшілігі 1950-60 жылдары бой көтерген. Тозығы жетіп, қабырғалары құлаудың алдында тұр. Материалдық техникалық базасы ескірген. Жаңа медициналық объектілерді салып, сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету өте өзекті. Бұл бойынша Тамара Босымбекқызына депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде ағымдағы жылда Созақ аудандық орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өтетін болды. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама (бұдан әрі-ЖСҚ) мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бүгінде өңірдегі мәдени мұраға енген тарихи нысандар ашық – шашық күйде жатыр. Тіпті, қараусыз қалып қойды десекте болады. Бұл мәселелерді де айтып, депутаттық сауал жолдадым. Бұл бағытта министрлік тарапынан да жауап келді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы негізінде 100 объектіні жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізу бойынша қаулы жобасы дайындалуда. Бұдан да басқа маңызды мәселелерді көтеріп, ел игілігі үшін ілкімді іс атқарып жатырмыз деп үміттенемін. Себебі, елдің проблемасы – менің де проблемам әрі оны шешуге атсалысы қызметтік әрі азаматтық міндетім.


— Соңғы сұрақ болсын. Отыз жылда орда бұзған барлық деңгейдегі мәслихаттардың жұмысы ендігі кезекте қалай өрбиді деп ойлайсыз?

- Негізі мәслихат – жергілікті басқару органы ғана емес, бұқара мен билік арасындағы алтын көпір десек те қателеспейміз. Сол себепті қай мәслихатты алып қарасаңыз да мемлекет билігімен тізе қосып, Мемлекет басшысының саясатын іске асыру, елдің талап-тілегін қанағаттандыру, қараша халықтың тұрмысын көтеру мақсатында қызмет атқарып келеді. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік аренадағы абырой-беделін арттыру, ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтау, әлеуметтік-экономикалық ахуалды нығайту жолында мәслихаттардың атқарар рөлі ерекше. Сәйкесінше, мәслихаттар осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, көптеген салаларды жандандыра береді деп ойлаймын. Біз қолданып жүрген тиімді жұмыс құралдары, мәслихат құрамындағы білімді де білікті азаматтар, елге пайдасы мол бағдарламалар осы сөзіміздің дәлелі.


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ