​МУЗЕЙ БАСШЫСЫ ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ "БАЛБЫРАУЫН" КҮЙІН ОРЫНДАДЫ

0
2 822

Шараға елімізге белгілі айтыскер ақындар мен домбырашы өнерпаздар, ұлттық-мәдени орталық жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.


​МУЗЕЙ БАСШЫСЫ ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай «Ұлы Дала шежіресі –домбыра» атты лекция – концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға елімізге белгілі айтыскер ақындар мен домбырашы өнерпаздар, ұлттық-мәдени орталық жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылдан бастап әр шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра» күні деп жариялаған болатын. Елбасы Жарлығында айтылған мәселе - ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салады.
Жиын барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы шараға келген барша қонақтарды «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтап, ұлттық өнерді жалғастырып, қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға ыстық лебізін білдірді. Осы орайда, музейдің бас редакторы Ә.Манапов домбыра туралы баяндама оқып, домбыраның ерекшеліктері мен шығу тарихына тоқталды.
Домбырашылар басқосуында Түркістан қалалық «Өнер» мектебінің жас өнерпаздары «Домбыраның шаттық үні», «Ерке сылқым» күйлері мен «Алыстан қызыл көрінсе», «Өлшеулі өмір», «Жақсы мен жаман» термелерін және «Өзім туралы» атты толғауларын орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, Кентау қаласының Құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Композиторлар Одағының мүшесі Әлімбек Қонысбеков «Қаратау шертпесі», «Салтанат» және «Өттің дәурен» күйлерін күмбірлетсе, Түркістан қалалық «Яссы» халықтық-фольклорлық ансамблі «Бозінген», «Ата толғауы», «Адай», «Бақтыбайдың әуені» күйлерімен көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Көпшіліктің сұрауы бойынша "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы Нұрболат Ахметжанов орындаған Құрманғазы Сағырбайұлының "Балбырауын" күйі қонақтардың айрықша ықыласына бөленді.
Шара соңында қорық-музей директоры Нұрболат Қадырұлы мерекелік шараға қатысып, өз өнерлерін көрсеткен барша өнерпаздарға алғысын білдіріп, музейдің баспа өнімдерін сыйға тартты.