Нұралхан Көшеров келестіктермен кездесті

0
955

Облыс әкімі өңірдің, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлар мен міндеттер туралы да айтты.


Нұралхан Көшеров келестіктермен кездесті

Түркістан облысы әкімінің тұрғындармен кездесулері мен жеке қабылдаулары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қала тұрғындарымен кездесулері мен жеке қабылдаулары жалғасып жатыр. Бұл жолы Келес ауданы тұрғындарының өтініштері мен мәселелері, ұсыныстары тыңдалды. Облыс әкімі өңірдің, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлар мен міндеттер туралы да айтты.


– Мемлекет басшысы тұрғындармен тұрақты кездесу, экономиканы әртараптандыру жөнінде тапсырмалар берді. Өңірде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Соның ішінде Келес ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсам, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2024 жылы 20 елді мекенде құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13 елді мекендегі 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдардың электр желілері жаңартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 141 млн. теңгеге 23 жоба қаржыландырылса, биыл 539 млн. теңгеге 46 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 1 пайызға өссе, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі артығымен орындалып, 48 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының жоспары 6,4 пайызға өсті. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров биылғы жоспарларды да баяндады. Тұрғындарды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, көгалдандыру шараларына белсене қатысуды шақырды.


Биыл Келесте «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 21 көше орташа жөндеуден өтсе, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектеп ашылады. 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылысы жүргізілмек.


Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың есебінен кейін кездесу сұрақ-жауап форматына ауысты. Тұрғындар облыс әкіміне бағдаршам орнату, каналды тазалау, мәдениет үйін салу, жайылым, қоқыс полигоны, жолдың сапасы, білім, медицина саласына қатысты мәселелерді көтерді. Көкейкесті ойлар ашық айтылып, облыс әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді. Арнайы хаттама түзіліп, түйткілдер бақылауға алынды.


Облыс әкімінің жеке қабылдауында да тұрғындар инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және өзге де салаларға қатысты мәселелерді көтерді. Нұралхан Көшеров әрбір өтініш назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді.


Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасын табады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Бөлісу