Нұралхан Көшеров кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады

0
107

Жауапты сала басшылары және құқық қорғау өкілдерімен бірге түйіткілді мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.


Нұралхан Көшеров кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады

Түркістан облысының әкімі тұрғындарды кезекті рет қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Жауапты сала басшылары және құқық қорғау өкілдерімен бірге түйіткілді мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.


Қабылдауға Түркістан қаласы, Бәйдібек, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Сайрам аудандарының тұрғындары қатысты. Азаматтар тұрғын үй алу, жер алу, ескерткіш орнату, қоғамдық ұйымның жұмысына қолдау көрсету, ұялы байланыс қызмет сапасын арттыру сияқты арыз-шағымдарын жеткізді. Сондай-ақ білім, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту салаларына қатысты өтініштері мен ұсыныстарын айтты. Мәселен, түркістандық тұрғындар облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағына ескерткіш орнату бойынша ұсынысын жеткізді. Бұл ұсыныс сәулеттік жобалар бойынша кеңес отырысында қаралып, зерделеніп, қажеттілігіне қарай министрлікке ұсынылатын болды. Тағы бір тұрғын Төлеби ауданы, Аққұм ауылының шет жағында ұялы байланыс ұстамайтынын жеткізді. Аудан әкімдігі тарапынан «Кселл» операторымен келіссөздер жүргізілгені хабарланды. Байланыс сапасын жақсарту үшін жеке оператор биыл ауыл аумағында қосымша антенна қоюды жоспарлап отыр. Бәйдібек ауданынан келген тұрғын баспана алу және мамандығына сай жұмысқа орналасу бойынша көмек сұрады. Өтініш иесіне бос жұмыс орны ұсынылып, кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында 144 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланып жатқаны айтылды.


Нұралхан Көшеров әрбір өтінішті мұқият тыңдап, барлық мәселелердің заң аясында шешілуін жеке бақылауына алды. Тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.


Облыс әкімі мұндай жеке қабылдаулар тұрғындармен тікелей байланыс орнатудың, олардың мәселелерін жылдам әрі тиімді шешудің жолы екенін айтты.


Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары жеке қабылдауды кестеге сәйкес тұрақты өткізуде. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Бөлісу