Н.КӨШЕРОВ: «Жауапкершілік пен нәтиже – басты талап»
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, аудан активімен маңызды кездесу өткізді., деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, негізгі проблемалар мен даму перспективалары кеңінен талқыланды. Облыс басшысы аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, жауапкершілікті күшейтуді талап етті.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның қазіргі ахуалы бойынша есеп беріп, басқарма басшылары өз салалары бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесуде облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасады. Ол салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін төмендету және жергілікті жобаларды тиімді іске асыру сынды мәселелерге ерекше назар аударды.
Облыс басшысы Ордабасы ауданын облыс бойынша экономикалық драйверге айналдыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, кәсіпорындардың салықтан жалтаруы мен әлеуметтік төлемдердің толық төленбеуі сынға алынды.
– Бюджетке тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Ендігі міндет – жергілікті әкімдердің нақты әрі нәтижелі жұмыс атқаруы. Кіріс көзін арттыруға күш салу керек, бұл жұмыстар мардымсыз. Бұл – жүйесіз жұмыстың нәтижесі. Әрбір әкім өз округінің даму көрсеткіштеріне тікелей жауапты. Ордабасы ауданы үшін ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым – негізгі тірек салалар ретінде белгіленді. Бұл салалардағы жұмыстар нақты нәтиже мен жауапкершілікке негізделуі тиіс, – деді облыс әкімі Н.Көшеров.
Жиын барысында ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар Ордабасы ауданының туризм саласындағы әлеуеті кеңінен сөз болды. Облыс әкімі туристік нысандар инфрақұрылымын жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыру және санитарлық тазалықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Кездесу соңында облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Мәслихат депутаттарына инвестициялық жобаларды қолдау, округтердегі әлеуетті бастамаларды зерделеу міндеттелді.