Нұралхан Көшеров Сауранға барып, тасқын судың алдын алу жұмыстарын қадағалады

0
198

Өңір басшысы облыста су тасқынының алдын алу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп, аудан, қалаларға жаңа техникалар алынғанын айтты,


Нұралхан Көшеров Сауранға барып, тасқын судың алдын алу жұмыстарын қадағалады

Нұралхан Көшеров Сауран ауданына барып, тасқын судың алдын алу бағытындағы жұмыстарды қадағалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданы Байбайқорған ауылдық округіндегі Абай ауылына барып, су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстарды пысықтап, жауапты тұлғалармен және ауыл тұрғындарымен кездесті.


Бұған дейін жауын-шашынның мөлшерден тыс жаууына байланысты аталған ауылдағы Жаңақорған өзеніндегі шағын көпірге зақым келген болатын. Дегенмен әкімдік пен төтеше жағдайлар департаменті мамандарының жедел әрекетінің арқасында өзен арнасының жан-жағы қазылып, уақытша өткел ұйымдастырылып, елді мекенде су тасқынына жол берілген жоқ. Өңір басшысы облыста су тасқынының алдын алу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп, аудан, қалаларға жаңа техникалар алынғанын айтты,


– Облыстағы су нысандары мен өзен-көлдер тұрақты бақылауға алынған.Жауапты мекеме өкілдерінен кезекшілік ұйымдастырылған. Өздеріңізбен жолығып, пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік. Осы ауылдағы өзенге түскен қыс-көктемгі қар мен жауын-шашын суын жинап, су қойма жасап, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану мәселесін зерделеу керек. Нақты ұсыныс беріңіздер. Көпір биыл жөнделеді, ал келесі жылы бұл мәселе толық шешіліп, көпірді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Мәселе толық бақылауда тұр, – деді Нұралхан Көшеров.


Абай ауылының тұрғындары су тасқынына қарсы жұмысты жедел үйлестірген басшыларға, ел азаматтарына ризашылықтарын білдірді. Елді мекенде жаңа мектеп бой көтеріп жатқанын, бұл ауылды дамытуға серпін беретінін атап өтті. Сонымен бірге туризмді дамыту, көпірді реттеу жөніндегі ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.


Айта кетейік, Сауран ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайдың алдын алу және ықтимал қауіптердің алдын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Аудан аумағында ахуал тұрақты болғанымен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда аудан орталығында және елді мекендерде арнайы техникалар жұмылдырылған. Атап айтқанда, аудан орталығында 2 жүк тиегіш көлік, 2 жүк тасушы автокөлік, 3 трактор, сусорғыш қондырғы, УАЗ автокөлігі және микроавтобус кезекшілікке қойылып, төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын. Сонымен қатар ауданға қарасты 12 ауылдық округтің әрқайсысында 12 дана трактор және 12 дана жүк көлігі әзірлікке келтірілген.


Теке елді мекенінде қосымша күштер шоғырландырылды. Мұнда 3 жүк тиегіш көлік, 2 су тасығыш көлік,экскаватор, трактор, медициналықавтокөлік, «Нива» автокөлігі, полиция автокөлігі және автобус дайындыққа қойылған. Бұдан бөлек, 2 жүк тиегіш көлік, 2 жүк тасушы көлік, трактор және 2 УАЗ автокөлігі жұмылдырылған.


Жалпы үш ауылды қамтитын арнайы жедел әрекет ету тобы құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта Сауран ауданында жағдай тұрақты.

Бөлісу