Жаңа ғимараттар салу бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жобаларды таныстырды.
Нұралхан Көшеров кезекті рет Түркістан қаласын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында бірқатар әлеуметтік нысан салу жоспарлануда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет Түркістан қаласын аралады. Жауапты сала басшылары мен қала әкімі облыс орталығында жаңа ғимараттар салу бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жобаларды таныстырды.
Алдымен, облыс басшысы қаладағы М.Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында орналасатын жаңа қалалық әкімдік ғимаратын салу жобасымен танысты. Жаңа нысан рухани-мəдени орталықтағы 1,4 гектар аумақта бой көтереді деп жоспарлануда. Жоба бойынша ғимараттың сыртқы қасбеті іргелес орналасқан «Караван сарай» жəне «Қол өнершілер орталығы» кешендерінің жобаларымен үйлесімді етіп жасалған. Құрылыс жұмыстарын 14 ай көлемінде аяқтау көзделіп отыр.
Сонымен қатар облыс басшысына Есімхан алаңының маңында «Руханият орталығы» нысанын салу туралы ұсыныс айтылып, жобасы таныстырылды. Орталықты 0,44 гектар аумаққа орналастыру жоспарлануда. Екі қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын 7 ай көлемінде аяқтау көзделуде.
Осы күні облыс әкімі Н.Төреқұлов көшесіне барып, «Асыл мұра» саябағын салу жобасымен танысты. Саябақты 6,2 гектар жерге орналастыру жоспарлануда. Мұнда 4,2 гектар аумақ абаттандырылмақ. Құрылыс жұмыстары 10 ай көлемінде аяқталады деп жоспарлануда.
«Басты мақсат – халықтың өмір сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру. Жобалар ел мүддесіне толық қызмет етуі тиіс» деген Нұралхан Оралбайұлы жоспарланған әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарының ашықтығын және қатаң бақылауда болуын қамтамасыз етуді тапсырды.