Кәсіпорын теңгерімінде 18 модульдік қазандық блогы, 77 қазан бар.
Түркістан қаласында 2025-2026 жылғы жылыту маусымының өту барысы қатаң бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазіргі таңда облыс орталығындағы 12 261 тұтынушыға жылу тұрақты жеткізіліп отыр. Оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік ұйым, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй бар. Жылу беру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес және тұрақты түрде жүргізілуде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында болып, жылыту маусымының өту барысымен танысты. Орталық қазандықтардың жұмысын бақылап, жауапты тұлғаларға жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді. Отын қоры мен қажетті ресурстардың жеткілікті болуын қадағалауды, апаттық жағдайлардың алдын алу және техникалық жабдықтардың ақаусыз жұмыс істеуін бақылауды жүктеді.
«Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2010 жылы құрылған. Кәсіпорын теңгерімінде 18 модульдік қазандық блогы, 77 қазан бар. Желінің ұзындығы – 56243 метр. Ал №1 қазандық бөлімшесінде 5 қазан бар. Магистральдық жүйенің ұзындығы – 6,9 шақырым, ал ішкі орамдық жүйе 17,19 шақырымды құрайды. Кәсіпорын 158 нысанға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 75 көпқабатты тұрғын үй, 55 жер телімдік тұрғын үй, 28 кәсіпкерлік нысан бар. Бүгінде қазандықтар үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Қысқы маусымның тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.


