Мәйітті қарау кезінде зорлық-зомбылықпен өлгені белгілі болған. Бірден күдікті ретінде 20 жасында марқұм болған келіншектің күйеуі назарға іліккен.
иллюстрациялық фото: nizhnekamsk-rt.ru
Оңтүстікте, Сайрам елді мекенінде 20 жасар әйелдің денесі судан табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мәйітті қарау кезінде зорлық-зомбылықпен өлгені белгілі болған. Бірден күдікті ретінде 20 жасында марқұм болған келіншектің күйеуі назарға іліккен. ОҚО Сайрам ауданы, Қарасу ауылының тұрғындарының жағасын ұстатқан жағдай өткен қасиетті ораза айында орын алған.
Арнайы жүргізілген сот медициналық сараптама нәтижесі әйелдің өлімі суға тұншығудан болғанын дәлелдеген. Бірақ тәртіп сақшылары марқұмның денесіндегі көгерген, жырылған жараларға қарап суға кетпес бұрын әбден зорлық көрген деп түйген. Азаматтық некеде болған марқұмның күйеуі өз кінәсін бірден мойындап, өлтіру ойының мүлдем болмағанын айтып ақталған.
Негізгі ойы, Солтүстікке көшіп, әлеуметтік бағдарламалар бойынша жұмысқа тұрмақ болған. Бірге қоныс аударуды құп көрмеген жұбайы қасарысып тұрып алған көрінеді. Сөйтіп екеуі көше ортасында керісіп, жанжалдаса кеткен. Жанжал соңы жұбайлардың жұдырықтасуына ұласады. Күдіктінің сөзіне қарағанда, әйел байқаусызда жақын жердегі каналға құлап кетеді. Суға кеткен әйелдің құтқарылу ойы болмағанын айтады. Күйеуінен қашқақтап ағын сумен бірге жүзіп кеткен көрінеді.
Аталған іс бойынша қазір тергеу тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сот күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкциялық қаулы шығарды. Ерлі-зайыптылардың арасында 1 жастан асқан перзенті бар.