Түркістан қаласында бірқатар ғимараттар құрылысы аяқталуға таяды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев карантин кезінде де құрылыстың қарқыны бәсеңдемейтінін, сонымен қатар сақтық шаралары да сақталатынын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Еліміздегі төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Алайда коронавирус инфекциясының қаупі сейілмегендіктен, карантин талаптары әлі де сақталады. Сондықтан сақтық шаралары жалғаса береді. Әсіресе құрылыс саласында. Карантин құрылысқа кедергі емес», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев лездемелік мәжіліс отырысында.
Түркістан қаласында бірқатар ғимараттар құрылысы аяқталуға таяды. Өмірзақ Естайұлы Түркістан қаласын жаңғырту аясындағы жұмыстар барысы жайлы есеп алды. Әкімшілік, әлеуметтік және тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың құрылысы жайлы қала әкімі Рашид Аюпов баяндады.
Шаһарда бой көтерген оқушылар сарайы, 7 мың орындық стадион, Ұлттық қолөнершілер орталығы, амфитеатр, Керуен сарай, аттракциондар саябағы, бассейні бар спорт кешені, келу орталығы мен басқармалар мен департаменттер үйінің ғимараттарындағы құрылыстың басым бөлігі бітіп тұр. Бүгінде олардың айналасын жасыл желекке бөлеп, абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр.