Шұғыл әрекет етіп, ел тыныштығын сақтауда жүйелі жұмыс жасаған штаб жұмысына алғыс айтты.
Түркістан облысының әкімі Шорнақ ауылында құрылған жедел штаб отырысына қатысты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірза Шөкеев Шорнақ ауылында құрылған жедел штаб отырысында оқиға болған сәтте шұғыл әрекет етіп, ел тыныштығын сақтауда жүйелі жұмыс жасаған штаб жұмысына алғыс айтты. Ал жиыннан соң ауыл тұрғындарымен кездескен облыс басшысы келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді.
«Шорнақ – мыңжылдық тарихы бар мекен. Кеше орын алған жағдай бүкіл елге тарап, ыңғайсыз жағдай орын алды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл үшін бұл ұят нарсе. Әрине, әлеуметтік желінің дамыған сәтінде бұл жағдайды бұрмалайтын арандатушылардың болары анық. Тек солардың сөзіне еріп кетпеу керек. Ел арасына дау, ірткі салған адамдарға қатаң жаза қолданылады. Ал, сіздер жастар мен аға буынды сабырға шақырып бірліктеріңізді нығайта түсіңіздер», - деген өңір басшысы мұндағы әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерге баса назар аударылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің сөзін құптаған ауыл ақсақалдары:
«Шорнақ ауылы осы уақытқа дейін, дау шығарған ауыл емес еді. Кешегі оқиға барлығымызды есеңгіретті. Себебі, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көп тарады. Осындай жағдайдың орын алуына себеп болған жастар үшін барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Біз – қазақ, өзбек ағайын халықпыз. Тіліміз, дініміз бір елміз», - деді.Одан өзге, Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы да сөз алып, ауыл тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырды.
Атап өтейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шорнақтағы жағдай бойынша облыс басшылығы және құқық қорғау органдарымен жиын өткізіп, Өмірзақ Шөкеевтің Шорнақтағы бұзақылықты дер кезінде тыйған тыңғылықты жұмысы үшін жоғары баға берді.