Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

0
1 092

Іссапар барасында облысы әкімі мемлекет тарапынан берілген атаулы әлеуметтік көмектің қаржысына жеке кәсібін ашқан бірнеше отбасының еңбегіне куә болды.


Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аумақта елді-мекендерді ауызсу мен газбен қамтамасыз ету мәселесі жүзеге асуда. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, күл-қоқыстан тазартып, заңсыз қоршаулар мен құрылыс нысандарынан арылту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кәріз жүйесін ретке келтіру үшін Ленгір қаласында кәріз тазалау орнын ашу жоспарланған. Аталған жоба республикалық бюджеттің қаржыландыруымен Түркістан, Арыс және Сарыағаш аудандарында да жүзеге асырылмақ. Әзірге Ленгір қаласының небәрі 30% кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл мәселе алдағы уақытта толығымен шешімін таппақ.

Аймақ басшысы бастаған жұмыс тобы мемлекет тарапынан алған атаулы әлеуметтік көмектен жеке кәсібін ашқан бірнеше отбасының еңбегіне куә болды. Алған ақшалай жәрдемақыларын мал басын көбейтуге, үй құстарын асырап, нан өнімдерін пісіріп, әртүрлі салада кішігірім отбасылық кәсіпке айналдырған азаматтардың бастамасы облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Бүгінде Төлеби ауданы бойынша 3595 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

Өмірзақ Шөкеев бастаған жұмыс тобы мұнан соң Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысшыларымен кездесті. Шаруа қожалығы 40 гектар жерде 100 мың түп алма ағашын отырғызып, алғашқы жемісін көруде. Жалпы Төлеби ауданында жаңа технологияларды ендіру арқылы өнім көлемін едәуір арттыру көзделген. Сондай- ақ, жылына екі рет өнім жинау мәселесі қолға алынған. Бұдан кейін аймақ басшысы 20 жылдан бері нарықта тұрақты орын алған «ФудМастер-Шымкент» ЖШС-інде болды.

Компания тәулігіне 58 тоннаға жуық айран, сүт, қаймақ өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарады. Оның жартысына жуық түрі шетелге экспортқа шығарылады. Аймақ басшысы жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысымен де танысты. Жақын күндері бұл жерде қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, футбол, бокс үйірмелері ашылады. Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапары барысында Төлеби ауданындағы Кеңес-1 КСЭС шағын су электр станциясының ашты. Қасқасу ауылдық округі аумағында орналасқан жаңа мекеме «KEGOК» АҚ-мен келісімшартқа тұрып, болашақта 4,5 МВт-қа дейін электр қуатын өндіруді жоспарлап отыр. Осылайша ауданның экономикасын көтеріп, қуат көзімен қамтуға үлес қоспақ.