Оңтүстік өңірлерге 28 мың тонна бензин мен дизель жөнелтіледі

0
568

Шаруалар жанар-жағармайға бағаның шарықтап кеткендігіне де наразылық білдірді.


Оңтүстік өңірлерге 28 мың тонна бензин мен дизель жөнелтіледі

Оңтүстік өңірлерге 20 мың тонна бензин және 8 мың тонна дизель отыны жөнелтіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында жанар-жағар маймен қамтамасыз етудегі орын алған келеңсіз мәселелерді талқылау үшін Өңірлік кеңесі жанындағы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі Комитетінің кезектен тыс отырысы өтті.


Жиынға ҚР «Атамекен» ҰКП базалық салалар және экология департаменті, ҚР Энергетика министірлігі өкілі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысы, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасы басшысы орынбасары, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС мен «PETROSUN» ЖШС өкілдері және Түркістан, Жамбыл, Алматы облысы және Шымкент қаласы кәсіпкерлері де онлайн қатысты.


ҚР Энергетика министірлігі өкілі тапшылықтың негізгі себебін 6 мамырдан 10 маусымға дейінгі аралықта «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС жоспарлы жөндеуде болғандығы салдарымен түсіндірді. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып, оңтүстік өңірлерге 20 мың тонна бензин және 8 мың тонна дизель отыны жөнелтілгенін айтып, оңтүстік өңірлердегі жанар-жағармайға қажеттілігін толығымен апта ішінде қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.


Сонымен қатар, шаруалар жанар-жағармайға бағаның шарықтап кеткендігіне де наразылық білдірді. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысы Алиби Тұрысбаевтың айтуынша, ірі тасымалдаушылар жанар-жағармайды басқа өңірлерден тасымалдау салдарынан жол шығындарының қымбаттылығынан деп түсіндірген. Департамент тарапынан талдау жұмыстары жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда шаралар қолданылмақ.


Облыстық кәсіпкерлер палатасы тез бұзылатын өнімдерін экспортқа шығаруда жанармайдың тапшылығанан тығырыққа тірелген шаруалардың мәселесін шешу үшін ҚР Энергетика министірлігіне өңірге дизель отынын жеткізуді ұйымдастыруды жылдамдату қажеттілігін айтып, ұсыныс жасады.


Айта кетейік, ПетроҚазақстан Ойл Продактс Қазақстанның зауыты Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларын жанар-жағар май отынымен қамтамасыз етеді.