ОҚО-да отандық тауар өндірушілердің мерекелік жәрмеңкесі өтті

0
1 090

Мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін дөңгелеткен 60 кәсіпкер келушілерге өздерінің тауарларын төменгі бағада ұсынды.


ОҚО-да отандық тауар өндірушілердің мерекелік жәрмеңкесі өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтті. «Еңбек» жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы қатысушыларының жәрмеңкесінде ет және сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөністер мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары сатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін дөңгелеткен 60 кәсіпкер келушілерге өздерінің тауарларын төменгі бағада ұсынды.

Алғаш рет жұмыспен қамту бағдарламасының қатысушыларымен өтіп жатқан жәрмеңкенің ұйымдастырушылары облыс әкімдігі мен «Даму» қоры, «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымы болып табылады.

Мерекелік жәрмеңке болғандықтан мұнда ойын-сауық және концерттік шоу-бағдарламалар қойылып, сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сатып алушыларға лотерея билеттері таратылып, жеңімпаздарға жәрмеңке алаңында ғана жарамды ақшалай купондар табысталды.

Айта кетейік, «Еңбек» жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының арқасында «Даму» қоры арқылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 150 бастауыш және ағымдағы кәсіпкерлер өз ісін ашып, кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Жалпы қаржыландыру көлемі 1,4 млрд. теңгені құрады.

Ал, «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2017 жылы аталған бағдарлама аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы 900 млн. теңге қаражат тартып, нәтижесінде 180 жаңа жұмыс орны құрылған 191 жобаны қаржыландырды.

Айта кету керек, Аграрлық несие корпорациясынан тартылған қаражат ауыл тұрғындарына таратылса, «Даму» қорынан бөлінген қаражат арқылы Кентау, Түркістан және Шымкент қалаларының тұрғындары несиелендірілді.