Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының директоры Нұрғазы Бұхарбаев мәскеулік архитекторлардың қатысуымен зообақтың бас конценциясы әзірленгенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қала әкімі Нұрлан Сауранбаевпен бірге Шымкент қаласындағы зообақтың қайта құру бағытындағы жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
1980 құрылған зообақтың қайта құру жұмыстарының барысымен таныстырған Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының директоры Нұрғазы Бұхарбаев мәскеулік архитекторлардың қатысуымен зообақтың бас конценциясы әзірленгенін атап өтті.
Сонымен қатар ол қайта құру жұмысы бойынша 2013 жылы «Африка» аумағы, әкімшілік ғимараты және «Тау» экспозициясы басталып, жоспарлы уақытында аяқталғанын, қазіргі кезеңде 9 вольердің құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, хайуанаттар бағының іші көгалданып, ішкі жолдар мен аяқжолдар бойына зообақ логотипі бейнеленген орындықтар мен орталық ішкі жолындағы гүлзарда жағалай аң мүсіндері орнатылған.
Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында құрылған зообақта бүгінгі таңда 249 түрлі 2478 бас жан-жануар бар. Мұндағы келушілердің саны өткен жылы 426 мыңға жетсе, ал осы жылдың 3 айында 60 мыңнан астам адам келген. Жануарлардың өсу динамикасы жыл санап артуда. Зообақ құрылғанда 75 түрлі аң болса, бүгінде 249 түрлі жан-жануарға жеткен.
Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Мұндағы жануарлардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұнда балықтың 70 түрінен, 1 254 балық мекендейтін аквариум орналасқан.
Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағындағы атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берген аймақ басшысы Ж.Түймебаев құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
«Зообақ – бұл қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөлейтін және мақтан тұтатын ерекше жерлерінің бірі болуы тиіс. Сондықтанда хайуанаттар бағындағы құрылыс жұмыстарын барлық талаптарға сай жүргізілуіне назар аударып, аумақты абаттандыру және көгалдандыруды мықтап қолға алуды және ішкі жолдарды ретке келтіруді тапсырамын. Сонымен қатар 2020 жылға дейін жан-жануарлар түрін көбейтіп, келушілер санын арттырыңыздар. Ал келушілерге ыңғайлы жағдай жасаңыздар, өйткені бұл жер танымдық демалыс орны»,-деді облыс әкімі.