Шара ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына және Ішкі істер қызметінің үздігі Қали Садықұлы Айтбаевты еске алуға арналды.
Түркістан облысы Ордабасы ауданында Тәуелсіздік күніне орай және Қазақстан Республикасының Ішкі істер қызметінің үздігі, милиция подполковнигі Қали Садықұлы Айтбаевты еске алуғаарналған шахмат жарысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қали Садықұлының ұлдарының ұйымдастыруымен өткен шахмат жарысына Ордабасы ауданына қарасты 10 ауыл округінен 23 шахматшы қатысты. Жеребе арқылы төрт топқа бөлінген ойыншылар арасынан финалға әр топтан бір адамнан шығарылды. Қызықты да тартысты өткен ойынға С.Сүйіндік төрағалық, Ө.Темірбеков хатшылық етті. Нәтижесінде жүлделі 1-орынды Рабиев Еркін, 2-орынды Тайғара Тілектес, 3-орынды Нұрмұратов Анвар, 4-орынды Жүрінбаев Мейіржан есімді азаматтар иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, басқа да қатысушылар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің медалімен, арнайы грамота және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңына қарай дүнеден озғанына он бес жыл болған Қали Айтбаевтың аруағына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Қонақтар Ішкі істер ісінің үздігі Қ.Садықұлы жайлы естеліктер мен жылы лебіздерін айтып, өнегелі ісін жас ұрпаққа үлгі етті.