Байқауды аудандық мешіт және Мешіттер жанынан ашылған Жастар секторы Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырды.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан елдімекеніндегі Мәдениет Үйінде Мәуліт мерекесінің құрметіне орай "Шаттық нұрын шашқан — нұр пайғамбар" атты аудандық мектеп оқушылары арасында шығарма байқауы өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Байқауды ұйымдастырушы — аудандық мешіт және мешіттер жанынан ашылған Жастар секторы.
Аталмыш ісшара "Темірлан" медресесінің ұстазы Ұ.Болатбековтің Құран оқуымен басталып, одан кейінгі сөз кезегін ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек қажы Ақтамберді, Ордабасы аудандық "Дәулеталыұлы Бегалыата" мешітінің бас имамы Бастарбек Әшірбай алды. Олар ұлық мерекенің қадір-қасиеті туралы әңгімелеп, оқушыларды ислам дінін дұрыс түсінуге, пайғамбарды сүюге, ана-ананы құрметтеуге шақырды. Бұдан кейін айтыскер ақын Қажымұқан Абзалов жырдан шашу шашты.
Аталған шығарма байқауында үздік танылған үміткерлер марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Бас жүлде Н.Оразбаев атындағы орта мектептің оқушысы Әбділ Айдаға берілді.
Игі ісшара соңында "Темірлан" медресесінің ұстазы Ұбайдулла Болатбеков уағыз айтты.
Ұйымдастырушылар да келген қонақтарға ризашылығын білдірді.