Отырар мұражайында республикалық деңгейдегі семинар өтті

0
1 458

Семинарда музей ісіне қатысты көптеген мәселелер сөз болып, шешімдері талқыланды.


Отырар мұражайында республикалық деңгейдегі семинар өтті

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Семинар мақсаты - зерттеуші-ғалымдарды музей мамандарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуге жұмылдыру және еліміздегі әр өңірлік музейлердің қорында сақтаулы мұралардың тарихын ашуға, олардың аймақтық ерекшеліктері, жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қолға алуға үндеу. Осы мақсатта ұйымдастырылған семинарға тарихшылар, отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары және мектеп қабырғасындағы музей жетекшілері қатысты.

Семинар жұмысы музейдің экспозиция залын аралап, жәдігерлермен таныстықтан бастау алды.

Одан соң семинарды ашу үшін Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов, Отырар қорық-музейі директоры Айбек Жандосов, «Берел» қорық-музейінің директоры Жангелді Ахмадиев, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музейінің директоры Бахадүр Исматов, «Ежелгі Тараз ескерткіштер» музейінің "Қарахан" журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбекұлы және Отырар қорық-музейінің ардагері Нұртаза Алдабергеновтер сөз алып, Отырар тарихына, тарих зерттеушілері мен музей мамандарының еңбектеріне, жеткен жетістіктеріне тоқталып, музейге сый-сияпаттарын тапсырды.

Семинардың пленарлық отырысында еліміздің қатысушылар баяндамалар оқып, тың ойларын ортаға салды. Сондай-ақ музей саласындағы өзекті мәселелер қозғалып, құнды жәдігерлердің музейлерге түсу жолы мен тарихының ашылуына ерекше мән беріліп, ұсыныс-пікірлерде айтылды. Одан соң, қонақтар Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалажұрты орындарын аралай жүріп, тарихымен танысты. Келесі бөлімде Отырар қорық-музейінің қызметкерлері «Музейлік жәдігерлер қайта қалпына келтіру мен сақтау ережелері» бағыты бойынша өз жұмыстарымен таныстырып, «Қолданбалы өнерді дамыту» секция барысында шеберлік сағатын өткізді. «Музей қорындағы жәдігерлерді есепке алуда қолданылатын ережелер» тақырыбындағы соңғы секция бойынша қор сақтау бөлімінің қызметкерлері жәдігерлерді сақтау қоймаларымен және есепке алу, тіркеу құжаттарымен таныстырып, тәжірибе алмасты. Семинарды Отырар қорық-музейінің директорының орынбасары С.Ш.Ақылбек қорытындылап, қатысушы қонақтарды сертификаттармен марапаттап, алғысын білдірді.