Аталған шара аудандағы «Қ.Мұңайтпасов» атындағы спрот кешенінде өткізілді.
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Отырар ауданында осы атаулы күнге орай өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар «Қ.Мұңайтпасов» атындағы спорт кешенінде жалғасын тауып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында волейболдан және эстафеталық ойындар жарысы өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Елбасымыз өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айтып, алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Бүгінде ауданымызда осы бағытта түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына бірнеше ашық спорт алаңшалары, Ақтөбе мен Аққұмда жабық спорт кешендері, Маяқұм, Көксарай, Темір ауыл округтерінде ашық спорт алаңдары ашылды. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануларына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын,-деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Салауатты өмірге үндеген Елбасының саясатын насихаттау, мектеп жасындағы жастардың спорт туралы білімдерін кеңейту, денсаулық негізі қимыл, спорт екенін өскелең жастарға ұғындыру мақсатында өткен шарада спортты жанына серік еткен жастар акробатикалық қойылымдар қойып, өз өнерлерін ортаға салды. Одан әрі спорттық сайыстар жалғасын тауып, балғын балалар мен тәрбиешілер өз командаларының намысын қорғады.