​Отырарлық оқушылар анимациялық фильмдер жасап үйренеді

0
2 332

Сонымен қатар, робототехника, 3Д модельдеу мен киберспорттық ойындар жасау ісіне баулымақ.


​Отырарлық оқушылар анимациялық фильмдер жасап үйренеді

Бүгін Түркістан облысы, Отырарар ауданындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында IT-сынып ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сыныпта оқушыларды робототехника, 3Д модельдеу, анимациялық фильмдер мен киберспорттық ойындар жасау ісіне баулымақ. «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында ашылған IT-сынып «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы және Отырар ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан.

Салтанатты ашылуға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов пен аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, лентасын қиды.

Шарада Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова қиялы жүйрік, қағілез балалардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілесе, Нұрмахан Миятұлы жобаны қолдап, жүзеге асырған аудан әкімдігіне ризашылығын білдірді. Жиында аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Ерлан Қуанышұлы барша шәкірттерді құттықтады.

- «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірген ХХІ ғасырдың жастары, яғни оқушыларымыз ІТ сыныптарда озық технологияларды меңгеріп, үйренуі керек. ІТ сыныптар ашылуы мұнымен шектеліп қалмай ауданның барлық білім беру мекемелерін қамтитын болады. Бұл келер ұрпақтың бәсекеге қабілеттігін арттыратыны сөзсіз», - деді аудан әкімі.
Мұнан соң құрметті қонақтарға мектеп оқушылары өздерінің туындыларын көрсетіп, таныстырды.

Нұршуақ Сейтісхан қозғалтқышы электрлі автокөліктің моделін таныстырса, Алтынбек Бегісбек, Нұрбақ Сәбит, Ернар Берік, Жаннұр Базарбай, Әдемі Шайырбектер анимациялық ойындарды дайындап, Перихан Базарбек ұлттық спортымыз «Асық атудың» компьютерлік нұсқасын ұсынды. Ал, Бағдәулет Қалжігіт, Құтбек Төлеген, Ерсұлтан және Мұхамеджан Бексейіттер арнайы құрастырған роботтарының мүмкіндіктерін көрсетті.

Егемен елдің ертеңі саналған бүгінгі жастардың болашағына сеніммен қараған қонақтар талаптарына ақ жол тіледі.

Дереккөз: Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі