Шәкірттері үздіктер қатарынан көрінгені үшін жетекшісіне «Үздік жетекші» дипломы табысталды.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Мәдениет орталығында» ІІ «Алаш үміті» халықаралық рухани жаңғыру фестивалі өтті. Осы фестивальде Отырар ауданының үмітін арқалап барған жас өрендер озаттар қатарынан табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі аудандық баспасөз қызметінің мәліметіне сүйеніп.
Аталған фестиваль М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жас ғалымдар кеңесі және А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастыруымен өткізілді. Онда өнердің әр саласында жүрген үздік жас талант иелері өнер көрсетті.
Олардың қатарында Отырар ауданының атынан барған Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының 1-сынып оқушысы Зере Айбекқызы Жүнісбай мен «Темір» жалпы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Байболат Бердіқұл да бар еді. Өнер додасында ақтық сынға шыққан Зере Айбекқызы Жүнісбай вокал номинациясы бойынша гран-при иегері атанып, «Алтын жұлдыз» медаліне ие болса, «Темір» жалпы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Байболат Бердіқұл да осы номинация бойынша ІІ орын иегері атанып, «Күміс жүлде» медалін мойнына тақты.
Фестивальде шәкірттері үздіктер қатарынан көрінгені үшін жетекшісі Салтанат Аманбайқызына «Үздік жетекші» дипломы табысталды.