Нәрестелер 2,3, 2,1, 2,5 келі салмақта дүниеге келген.
Жетісай ауданынла үшемдер дүниеге келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай аудандық орталық ауруханасында үшемдер дүниеге келді. Бұған дейін 3 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Нафиса Хамзаева Мақтаарал ауданының тұрғыны.
Жетісай аудандық ауруханасының дәрігерлері ауданда егіз туылған сәбилер қатары көп болғанымен, үшемдердің дүниеге келуі сирек екенін айтады. Биылғы жылдың басынан бері орталық ауруханада 3 мыңнан астам сәби дүниеге келген болса, соның 33-і егіздер. Ал үшемдердің дүниеге келуі соңғы 10 жылда алғаш рет тіркеліп отыр.
32 жастағы Нафиса Хамзаева бастапқыда УДЗ егіз деп қорытынды бергенде жолдасы екеуі қатты қуанғанын, өйткені іштегі сәбидің егіз болғанын қалағанын айтады. Әйтсе де, соңғы айларда Жетісай аудандық ауруханасының дәрігері Рахима Жұмабекқызы іштегі сәбилердің егіз емес, үшем екенін анықтап, жүкті келіншектің күтімі мен бақылауын күшейткен.
«Менің ай-күнім жетіп, перзентханаға кеткенімді жолдасым да, ата-енем де білмейді. Жолдасым әскери қызметкер болғандықтан бөлек тұрамыз. Жағдайымды айтып, ешкімді уайымдатқым келмеді. Енді міне, жанашыр дәрігерлеріміздің біліктілігінің арқасында перзенттерімді бауырыма басып отырмын. Айтар алғысым шексіз» – дейді жас ана.
Араларын небәрі бірер минут бөліп тұрған нәрестелер 2,3, 2,1, 2,5 келі салмақта дүниеге келген. Қазірде үшемдер мен анасының жағдайы жақсы, дәрігерлердің жіті бақылауында.