Сапар барысында делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан «Достық үйінің» құрылыс жұмыстарын аралап көрді.
Түркістанға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары іссапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облысына ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Акбаржон Исмаилов және Қазақстан халқы Ассамблеясының Медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан «Достық үйінің» құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 4 қабатты ғимараттың құрылысы қазіргі таңда қызу жүргізіліп жатыр. Аталған ғимарат биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сапар аясында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында кездесу өтті. Жиынға ҚХА жанындағы құрылымның және этномәдени орталықтарының жетекшілері, Түркістан қаласы мен Сауран ауданының мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері, Ардагерлер, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің төрағалары, білім беру ұйымдары басшылары қатысты. Келелі басқосуға қатысушылар этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту бағытында өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары 18 қаңтарға дейін жалғасады. Сапар шеңберінде Кентау қаласы мен Мақтаарал, Сарығааш, Төлеби, Сайрам аудандарында бірнеше кездесулер өтеді деп жоспарлануда.