Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 60 пайызы орындалған.
ERNUR.KZ. Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Соның бірі Ақжар елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысы. Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның орындалу барысымен танысты. Жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылаған аудан басшысы жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс-монтаждау жұмыстарын белгіленген талаптарға сәйкес әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда нысан аумағында суқойманы қоршау, диаметрлері 20, 63, 110 және 160 миллиметрлік ауыз су құбырларын тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 45 шақырымға жуық ауыз су желісі тартылып, 175 су құдықшасы орнатылған. Жоба толық аяқталғаннан кейін Ақжар елді мекеніндегі шамамен 7 мың тұрғын орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылады. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 60 пайызы орындалған.


