Шардарада мұз үстіндегі қауіпті жағдайлар ескертілді

0
1 536

Әлсіз мұз үстiмен жүруге, мұзы шатынаған тұстарға жақындауға, жағадан жұқа мұз үстiне шаңғымен, шанамен сырғанауға болмайтындығы қатаң ескертілді.


Шардарада мұз үстіндегі қауіпті жағдайлар ескертілді

Түркістан облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобы Шардара ауданында «Судағы және мұздағы қауіпсіздік» тақырыбында жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қыс мезгілінде улы газбен улану, мұздақтардың құлау қаупі, өрт секілді орын алуы мүмкін төтенше жағдайлар өте көп. Өзен, көл, теңізге жақын орналасқан аудан, ауыл тұрғындары бұнымен қатар мұз үстіндегі қауіпсіздікті де білгені жөн.

«Судағы және мұздағы қауіпсіздік» тақырыбында өткен іс-шараның мақсаты Шардара ауданының тұрғындарына қысқы кезеңде балық аулау, судан өту барысындағы қауіпсіздікті түсіндіру және мұз үстінен қауіпсіздік белгілері жоқ жерден өтуге болмайтындығын ескерту болды.

Түркістан облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобы мен Шардара ауданының ТЖ бөлімі қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген үгіт-насихат жұмыстарында балаларға әлсіз мұз үстiмен жүруге, мұзы шатынаған тұстарға жақындауға, жағадан жұқа мұз үстiне шаңғымен, шанамен сырғанауға және бетін қар басып қалған мұз үстінде топталып тұруға, мұз үстінде ойнауға болмайтындығы қатаң ескертілді.

Сонымен қатар, балық аулаушыларға мұз бетінен бірнеше шұңқыр қазуға болмайтындығы, сақтық шарасы ретінде міндетті түрде өзімен бірге 12-15 метрлік арқан алып жүру және абайсызда суға түсіп кеткен жағдайда не істеу керектігі туралы айтылды. Іс-шара барысында мұз үстіндегі қауіпсіздігі жөніндегі жадынамалар таратылды.