Шардарада спортшылар марапатталды

0
1 832

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы шәкірттерін жеңіс тұғырына жетелеп жүрген ардагер спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттап, сый-сияпат жасады.


Шардарада спортшылар марапатталды

“12-тамыз – Спортшылар күні” мерекесі қарсаңында Шардаралық спортшылар марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгінде аудандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған 4 спорт мектебінде спорттың 27 түрiмен 5065 жасөспiрiм шұғылдануда. Оларға 147 кәсiби деңгейдегi мамандар жаттықтырушылық қызмет көрсетедi. Айтулы жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы шәкірттерін жеңіс тұғырына жетелеп, бұқаралық спорттың дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген ардагер спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттап, сый-сияпат жасады.
“Қазiргi таңда ауданда спортпен жүйелi түрде айналысушылар саны 23 024 адам, яғни, аудан халқының 29,7 пайызын құрайды. Жерлестерiмiздiң спортпен шұғылданып, салауатты өмiр салтын ұстануларына барлық жағдай тиiстi деңгейде жасалып отырғанын айтқым келедi. Мәселен, қала және ауылдық округтерде 188 спорт ғимараттары мен алаңдары жұмыс iстейдi. Атап айтар болсақ, 1 орталық стадион, 32 спорт залы, 1 спорт кешенi, 1 қол күрес залы, 1 воркаут алаңы, 1 кiр тасын көтеру залы, 8 тир, 140 жазғы спорт алаңдары бар. Биылдың өзiнде 2 кiшi футбол алаңшалары пайдалануға берiлдi” деген аудан басшысы спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектестік білдірді.
Салтанатты шарадан соң жасөспірімдер арасында спорттың бірнеше түрінен аудан біріншілігі өтіп, шын мықтылар анықталды.
Айта кетейік, жыл басынан бері 123 шардаралық облыс чемпионы атанса, 46-сы Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Одан бөлек, 36 спортшы Азия чемпионы, 12 спортшы Азия чемпионатының жүлдегерi, 19 спортшы Халықаралық турнирдің, 62 спортшы республикалық чемпионаттың жүлдегерi атанған.