Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан қаласындағы үлкен 5 көше күрделі жөндеуді талап етеді.
Түркістандағы ескі шағын аудандарының инфрақұрылымдары жаңартылады, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті отыз жетінші сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
- Біздің алдымызда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығы және рухани-мәдени нысандардың құрылысын уақтылы әрі сапалы жүргізу міндеті тұр.
Біз қаланың ескі бөлігін дамыту мәселесін де ұмытпауымыз керек. Түркістанның ескі шағынаудандарының инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары қажет, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан қаласындағы үлкен 5 көше күрделі жөндеуді талап етеді. Ал 27 көшеге орта жөндеу керек. Жалпы, 62 шақырым жол реттеледі. Сонымен бірге орталық көшелердің жан-жағын абаттандыру жоспарланып отыр.
Шамамен 42 шақырым көшеге жарықтандыру, тротуар салу жұмыстары жүргізіледі.