«Тұғырлы Түркістаннан – Шұғылалы Шымкентке» шарасы өтті.
Әдеби сапар Шымкент қаласында жалғасын тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық әмбебап ғылыми кітапханасында Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастырумен «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» аясындағы «Тұғырлы Түркістаннан – Шұғылалы Шымкентке» шарасы өтті.
Салтанатты жиынды Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы ашып беріп, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың алғыс хатын табыстады. Содан соң сөз алған Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Алмас Керімбеков келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, басқарма басшысының сәлемін жеткізді.
Әдеби-мәдени шараның шымылдығы айтыскер ақын Мейіржан Жарылқаптың арнауымен ашылды. Әрі қарай мазмұнды жиын дөңгелек үстелге жалғасты. Кешті белгілі журналист Төребек Байтасов жүргізіп отырды. Түркістанның рухани керуен көшін ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, ақын Нұрғали Сердалиев бастаған зиялы қауым өкілдері мен аудан-қаладағы кітапханашылар бастап келді. Шымкент қаласынан ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Дәркен Танабаев, ақын Бақытжан Алдияр, белгілі драматург, жазушы Сая Қасымбек, қаламгер Шойбек Орынбай, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбет, белгілі журналист Бейсенкүл Нарымбетова, Нурила Жұман, Тұңғышбай Төрегелдиев, Дәурен Айманбет, Арайлым Мұратәлиева, Сезім Мергенбай және тағы басқа зиялылар сөз сөйлеп, өлең оқыды.
«Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күй мен әсем әндері аталған шараға сән берді. Ал «Фараб» кітапханасының арнайы жасақтаған «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» көрмесі келушілерді тамсандырды. Шара барысында киелі шаһардың тарихы мен жаңа тынысы жайлы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Жалпы әдеби сапар барысында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына 1000-нан аса кітап сыйланды.
Шараны Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, Мәдениет саласының үздігі Жанат Шардарбекова қорытындылап, атсалысқан барша қауымға алғысын білдірді. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Асылзат Арыстанова да шараның маңыздылығына тоқталып, келген қонақтарға ризашылығын айтты.