Татарстанда «Ясауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды

0
379

Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған.


Татарстанда «Ясауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды

Татарстан мемлекетінің астанасы Қазан қаласындағы «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-сәулет және өнер мұражай-қорығында «Ясауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шара – көрнекті ақын, түркі әлемінің ойшылы Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына және Түркістандағы Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған.


Көрме – Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының ұйымдастыруымен өтті. Онда Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасы туралы қолжазбалар мен суреттер, шәкірттерінің еңбектері көрсетілген. Одан бөлек, Ясауи кесенесімен байланысты тарихи жәдігерлер бар.


Көрмеге келген еліміздің Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов ХІХ ғасырдың ортасында Ясауидің кітаптары алғаш рет Қазан баспаханаларында басылып, бүкіл әлемге таратылғандығын атап өтті. Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының директоры Мәулен Садықбеков жобаның мақсаты – бүкіл түркі халықтарының мәдениеті үшін ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің философиялық жауһарларын таныту екендігін атап өтті.


Қазан қаласындағы көрме 20 сәуірге дейін жалғасады. Кейін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы өз сапарын Өзбекстан мен Түркия елдерінде жалғастыруды көздеп отыр.