10 техника жұмылдырылып, 30 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Жетісайда 500-ге жуық адам тазалық акциясына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық жалпыұлттық акциясы аясында бүгін Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде аудандық сенбілік өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған шараға аудандағы барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері мен жергілікті депутаттар, округ тұрғындары қатысты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан бөлінген секторларда қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, шөптер шабылды. Арық-атыздар тазаланып, қураған ағаштар қырқылды.
Айта кетейік, аудан әкімінің тапсырмасымен өткен тазалық жұмыстарына 500-ге тарта жетісайлық пен 10 техника жұмылдырылып, 30 тоннадан астам қоқыс шығарылды.