​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Биыл Түркістан облысында 532 экологиялық іс-шара өткізілді

0
169

Анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты мекемелерге бір апта мерзім беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.


​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Биыл Түркістан облысында 532 экологиялық іс-шара өткізілді

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері Түркістан облысында 532 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 84 639 жас қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нәтижесінде 187 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар жаз мезгілінде «Жасыл ел» еңбек жасағына 260 жас тартылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, мобильді топтардың қатысуымен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Сайрам аудандарында рейд жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жалпы 105 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,6 млн. теңге айыппұл салынды. Рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

«Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына 3 677 өтініш түсіп, оның 3 634-і орындалған. 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Түркістан қаласы, Төлеби, Сайрам және Сауран аудандарында келіп түскен өтініштер саны азайған. Қоғамдық орындарда тазалық бойынша 434-2-баппен 6 366 хаттама толтырылып, 192,8 млн теңге айыппұл салынды.

Ал 505-бап бойынша 9 436 хаттама рәсімделіп, 55,7 млн теңге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 5 635 хаттама толтырылып, 25,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдіктері бойынша 505-бапқа жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар ауылдық округтерде әкімшілік хаттама санының төмендігі анықталды.

Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойының тазалығына қатысты 3-7 қазан күндері мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 136 кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты мекемелерге бір апта мерзім беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.

Жол бойында орналасқан және тазалық талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік нысандарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салу бойынша Полиция департаментімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Одан бөлек, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Жол картасы» әзірленіп, 40 тармақтан тұратын нақты іс-шаралар белгіленген. Бағдарламаның тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.

Жиын соңында облыс басшысы аудан, қала әкімдіктеріне тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жандандырып, сондай-ақ рейдтік іс-шараларды күшейту және проблемалық аумақтарды тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Аталған бағыттағы жұмыстардың орындалуы тұрақты бақылауда.

Бөлісу