​«JAKE TAU» жөндеп жатқан үйдің шатырынан қалта-қалта ақша табылды (видео)

0
290

Егде жастағы үй иесі «JAKE TAU-ға» бұл өзінің 2018 жылдан бері жинап жүрген ақшасы екенін айтқан.


​«JAKE TAU» жөндеп жатқан үйдің шатырынан қалта-қалта ақша табылды (видео)

Фотосуреттер бейнероликтен алынды


Көпшілікке танымал блогер «JAKE TAU» және оның қолдаушылары қайырымдылық ретінде жөндеп жатқан үйдің шатырынан қалта-қалта ақша табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Көпшілікке «JAKE TAU» есімімен танымал блогер өзінің қолдаушыларымен бірге қайырымдылық ретінде Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы тұрмысы төмен отбасының үйін жөндеп беруге кіріскен.


Алайда, тұрғын үйдің ішкі жұмыстарын аяқтап, сыртқы жұмыстарына кіріскен азаматтар күтпеген жағдайға тап болды. Нақтырақ айтқанда, олар тозығы жеткен үйдің шатырын жөндемек болғанда қалта-қалта ақша тауып алған.

Бұл туралы «JAKE TAU» өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларына бейнеролик ретінде жариялап, жағдайды егжей-тегжейлі баяндады:

Оның айтуынша, асарға жиналған азаматтар қомақты қаржыға қол тигізбей, бірден құзіретті органдарға хабарласқан. Орган қызметкерлері оқиға орнына келіп, шамамен 30 миллион теңгеге жуық ақшаны тергеп-тексеруге алып кеткен.


Егде жастағы үй иесі «JAKE TAU-ға» бұл өзінің 2018 жылдан бері жинап жүрген ақшасы екенін, бірақ мұндай қаржысы бар екені есінен шығып кеткенін айтқан.

Оқиғаның мән-жайын білу үшін Түркістан облыстық полиция департаментіне хабарластық. Құзырлы органның баспасөз қызметі іске қатысты ақпараттар әлі де анықталып жатқанын және ресми ақпарат берілетінін жеткізді.


Алдағы уақытта полиция департаментінің ресми жауабына сай ақпараттарды жариялайтын боламыз.