TITF–2025: Түркістандағы форумда құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 меморандумға қол қойылды

0
92

Мұндағы мақсат – халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, облыстың өндірістік әлеуетін әрі қарай дамыту.


TITF–2025: Түркістандағы форумда құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 меморандумға қол қойылды

Түркістандағы халықаралық инвестициялық форумда құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын әртараптандыру және өндіріс саласын дамыту бойынша жаңа жобалар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгін осы мақсатта Түркістан қаласында ауқымды инвестициялық форум өтуде. Халықаралық басқосуға әлемдік деңгейдегі көшбасшы компания өкілдері мен отандық кәсіпкерлер қатысып, өңір дамуына серпін беретін жаңа жобалар аясында меморандумға қол қойылды.


Халықаралық форум «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбында панельдік сессияға ұласты. Маңызды жүздесуде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарға қашан да қолдау болатынын айта келе, мақұлданған жобалар төңірегінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.


– Облыс орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум өңір дамуын көркейте отырып, өндіріс саласындағы тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін іскерлік алаң. Сіздерді облысты жан-жақты дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға әсіресе өнеркәсіп саласын дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын! Осы тұста бүгін бірқатар маңызды жобалар мақұлданып, жүзеге асыру жолдары зерделенуде. Алдағы уақытта аймақтың өндіріс саласы жоғары деңгейде дамиды деп сенемін, – деді облыс басшысы Н.Көшеров.


Жиын барысында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөніндегі жобасы, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы инвестжобалар мақұлданды. Мұндағы мақсат – халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, облыстың өндірістік әлеуетін әрі қарай дамыту.


Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.


Айта кетейік, жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру жобаларын іске асыру көзделуде.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл форум, ресми сапарлардың жалғасы ретінде іскерлік алаңға айналған. Форумда мақұлданған жобалар өңір экономикасын ұдайы дамытуға және өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу