Тараптар өңірлік экономикалық ықпалдастықты тереңдету, кедергілерді азайту және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлескен шараларды іске асыруға уағдаласты.
ТМҰ елдерінің экономика және сауда министрлерінің кездесуінде Түркістан облысының мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің Экономика және сауда министрлерінің 14-ші кездесуі өтті. Министрлердің кеңейтілген отырысына ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің делегациясы, сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдад Әміреев, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының Бас хатшысы Адем Кула қатысты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық байланысты нығайту, көлік-логистика дәліздерін жетілдіру және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар өңірлік экономикалық ықпалдастықты тереңдету, кедергілерді азайту және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлескен шараларды іске асыруға уағдаласты.
Маңызды басқосуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық және туристік мүмкіндіктеріне тоқталып, мемлекеттер арасындағы бірлік пен стратегиялық серіктестік одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
– Түркістан облысының тұрғындары атынан сіздерді көне Түркістанның қонақжай жерінде – түркі әлемінің рухани астанасы, халқымыздың бай тарихы, мәдениеті мен бірлігінің бесігі саналатын қасиетті мекенде қарсы алуға қуаныштымын. Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің экономика және сауда министрлерінің кездесуін өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Түркістан облысы – Қазақстан Республикасының қарқынды дамып келе жатқан өңірі, инвестициялық, аграрлық, өнеркәсіптік және туристік әлеуеті жоғары аймақ. Өңір табиғи ресурстар мен пайдалы қазбаларға бай (уран, алтын, темір кені, көмір, фосфориттер). Қазақстандағы уран өндіретін негізгі өңірлердің бірі саналады. Облыс дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша елімізде көшбасшы өңір. Аймақта тамақ, тоқыма, құрылыс және тау-кен салалары белсенді дамуда. Бүгінде өнеркәсіп секторында жалпы инвестиция көлемі 560 млн АҚШ долларын құрайтын 111 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары туристік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Заманауи қонақ үйлер, мәдени-ойын-сауық кешендері, көлік инфрақұрылымы салынды. Экскурсиялық бағыттар мен табиғи рекреациялық аймақтар дамытылуда. Облыс халықаралық көлік дәліздерінің торабында орналасқан. Орталық Азия нарықтарына жақындық инвесторларға миллиондаған тұтынушысы бар кең нарыққа шығуға мүмкіндік береді. ТМҰ елдері арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығын нығайту мақсатында құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағын ерекше атап өткім келеді. ТМҰ мемлекеттері бизнесінің арнайы экономикалық аймақ жобаларына белсенді қатысуы өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ бүкіл түркі өңірінің орнықты экономикалық өсуіне қосымша серпін беретініне сенімдіміз. Облыс өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық және инвесторларға ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай ұсынуға дайын. Кездесуге қатысушылардың барлығына жемісті жұмыс, жаңа бастамалар және жоспарланған міндеттердің табысты жүзеге асуын тілеймін. Мемлекеттеріміз арасындағы бірлік пен стратегиялық серіктестік рухы түркі кеңістігінің тұрақты дамуы мен өркендеуіне алдағы уақытта да қызмет ете берсін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және ауылдық аумақтарды қолдау бағыттары Түркістан облысында нақты істермен жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі 113,9 пайызды құрады (2024 ж. – 110,1%). Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қамтамасыз етілді. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 234 млрд теңгеге өсіп, алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. 2025 жылдың ІІІ тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар үш есеге артық орындалды.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ірі жобалар қатарында мақта өңдеу, алюминий бұйымдарын өндіру, тұрғын үйлерге арналған газ қазандықтары, сусын шығаратын зауыттар, уран және әк өңдеу кешендері бар.
2026-2029 жылдары іске асатын жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу және бюджетке қосымша 28 млрд теңге салық түсіру жоспарлануда. Биыл 444 млрд теңгеге 66 жаңа жоба жүзеге асырылып, 6 810 жұмыс орны ашылады.
Түркістан облысында отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы климат қалыптасқан. Өңірде жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ және 1 400 гектар аумақты қамтитын экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Олар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл аймақтарда жалпы құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайтын 124 жоба жүзеге асырылуда. Облыс орталығында құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағында 315 млрд теңгеге 26 ірі жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6,5 мың жұмыс орны ашылады. Уақыт пен қаражатты үнемдеу мақсатында инвесторларға дайын өндірістік нысандар ұсынылады. Бұл ғимараттарды жалға алуға немесе жеңілдетілген шарттармен меншікке сатып алуға болады. Өңірдің 25 индустриялық паркінде 258 өндірістік ғимарат салынуда.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында экономика, сауда, инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасы бекітілді. Экономика және сауда министрлерінің 14-кездесуінің қорытынды құжатына (Коммюнике) қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры және NACOFEC ұйымы арасында ынтымақтастық туралы төртжақты меморандум жасалды. Бұдан бөлек, мүше елдер сауда саласындағы әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Жиын соңында қатысушылар өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізіп, қабылданған шешімдер түркі кеңістігіндегі тұрақты экономикалық өсімге серпін беретініне сенім білдірді.
Министрердің кеңейтілген отырысы делегация басшыларының екіжақты кездесулеріне жалғасты.
Осы күні ТМҰ мүше елдерден келген делегация Түркістан қаласына іссапары аясында облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, жұмысымен танысты. Алдымен, мәртебелі қонақтар қаланың рухани-мәдени орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сонымен қатар «Күлтөбе» қалашығына, «Visit Centre» кешеніне, «Ұлы Дала Елі» музейіне, «Керуен Сарай» кешеніне барды.


