ЦИФРЛЫ ЭКОНОМИКА – ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕГІ СЕРПІЛІС

0
107

Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыру маңызды деп белгіленді.


ЦИФРЛЫ ЭКОНОМИКА – ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕГІ СЕРПІЛІС

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында өткен бүгінгі аппараттық жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаудан басталды. Елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары, әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтары және жыл бойы атқарылатын жұмыстар мен міндеттер айқындалған бұл құжатта, бүгінгі заманның күрделі, көпқырлы өзгерістеріне дайын болуға баса мән берілді.


Мемлекет басшысы осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне тән іс-қимыл жүргізу қажет екенін айтты. Алдымызда тұрған маңызды стратегиялық мақсат ретінде Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы қажет деді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту жөнінде жаңа міндеттер белгіленді.
Бұл бағытта алдымен Цифрлық кодексті қабылданып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беретін болады.

Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Өңдеу саласына көбірек қаражат тарту мәселесі айқындалып, қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беру мәселесі қарастырылмақ. Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлі қайта қаралып, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктері мұқият ойластырылады және ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық берілмек. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгертілетін болды.

Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыру маңызды деп белгіленді. Бұл бағытта экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама қабылданатын болады. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек деген міндет белгіленді. Банктер туралы заң қабылдау осы саладағы маңызды қадам болатыны айтылды. Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек деп шешілді. Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екеніне назар аударылып, кибер-қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек деп межеленді.

Қазақстанның цифрлы кеңістіктегі және жасанды интеллект саласындағы орнын белгілеуде Alatau City еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс деген міндет қойылып, қаланың мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру, оны ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу тапсырылды. Цифрлы экономиканы қалыптастыруда аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу жүктелді.

Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс екені белгіленіп, жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет деген байлам айтылды. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек екеніне баса назар аударылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде атады және жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыруды тапсырды.

Түркістан өңірі үшін ауылшаруашылығы – негізгі сала. Мемлекет басшысы озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек деп атап өтті. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруде дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек деген міндет қойылып отыр. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отырғанын мысал ретінде атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн деді. Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру жүктелді.

Сондай-ақ Президент Жолдауында еліміздің транзит әлеуетін тиімді пайдалану, көлік логистикасын дамыту, бұл салаға жасанды интеллект технологияларын енгізу тапсырылып, Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс деген стратегиялық маңызы зор міндет қойылды. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады деген талап қойылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізі факторы ретінде аталды. Елімізде су ресурстарының бірыаңғай цифрлық платформасы түзілетін болды. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеп, бұл бағыттағы мемлекетаралық байланыстарға серпін беретін болады. Экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізіліп, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болып беки түседі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауда міндетті талаптар тізімі қабылданып, ол бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болмақ. Бұл бағытта Мемлекет басшысы салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс деген талап қойды. Мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отырғанына назар аударған Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс деген талап қойылып, ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру тапсырылды. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі ретінде аталды. Еңбек ресурстарын тиімді пайдалануда ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі деп шешілді. Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру жүктелді. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастырады. Жол қауіпсіздігін қамтуда тиісті заңға өзгертулер енгізіледі. Жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуына назар аударылады. «- Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры болуға тиіс ден қағидатқа ерекше тоқталған Мемлекет басшысы қоғамдық этика талаптарын сақтау әр азаматқа жүктелген парыз екенін айтты. Азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын қоғамға пайдалы бастама ретінде атап өтті. Парламенттік реформа мәселесіне айрықша тоқталған Қазақстан Республикасының Президенті бір палаталы Парламент құру туралы бастамасын жария етті. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деген шешімін айтып, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деген ойын жеткізді. Осы мәселені ескере отырып, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді жөн санайтын мәлімдеді. «- Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Жолдауда айтылған әр басымдықты іске асырудың жолдарын қоғаммен бірлесе қарастырып, белгілейтін болады. Бүгінгі даму үдерісімізге жауап беретін бұл өзгерістер еліміздің қоғамдық-саяси дамуының, әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің жаңа белестерін белгілейді деген сенімдеміз.

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі
Бөлісу