Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкеновтің Түркия Республикасының бір топ кәсіпкерлерімен кездесуінде айтылды. Шетелдік «Biotrend energy» компаниясын кәсіпорынның басқарма төрағасы Мурат Аслан бастап келді.
Делегация құрамын өңіріміздің сауда-экономикалық, инвестициялық, аграрлық, сонымен қатар, туризм салаларындағы жоғары әлеуетімен таныстырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нүкенов бауырлас түрік елімен кез келген салада әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.
"Біздер, бүгінде, Түркістанның жаңғырып, жаңарып жатқан дәуірінде тұрмыз. Осы орайда, түркі тілдес елдер мен Орталық Азияның рухани-мәдени орталығы болып табылатын шаһарымызды дамытуда бауырлас түрік ағайындармен екі жақты тиімді өнеркәсіптік, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестік орнату міндеті тұр деп білемін. Әсіресе, табиғаты көрікті һәм денсаулыққа пайдалы орындарға бай облысымыздың туризм саласын көтеру мақсатында Өздеріңізден жақсы ұсыныстар күтеміз. Және оларды қашан да қолдауға әзірміз", - деді Қ.Нүкенов.
Өз кезегінде, сөз алған «Biotrend energy» компаниясының басқарма төрағасы М.Аслан компанияның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде озық кәсіпорын екенін айтып, осы салада Түркістан облысына инвестиция салуға ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, төраға мақта қалдықтары мен қоқыстан полиэтилен өнімдерін, электр қуатын және табиғи газ шығаруға болатынын айтып, нақтырақ айтқанда, мақта қалдықтарынан электр қуатын өндіретін зауыт салу туралы ұсынысын жеткізді.
Түркиялық инвесторлардың мәліметінше, 1 гектар мақта алқабынан 3 тонна мақта қалдығы шықса, одан 30-40 мВт электр қуатын өндіруге болады екен. Осыны ескерген мамандар "ақ алтын" егілетін Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында мақта қалдығын қабылдап, оны өңдейтін екі зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, делегация жетекшісі әкімдік тарапынан жер телімін бөліп беру мен құжаттарды рәсімдеу жағынан қажетті қолдау көрсетуді сұрады.
Барша мәліметтерге қаныққан облыс әкімінің бірінші орынбасары инвесторларға әкімдік тарапынан тиісті қолдаулардың көрсетілетінін жеткізді. Жер телімін беруде мәселенің жоқтығын алға тартқан Қ.Нүкенов салық төлеу тұрғысынан да жеңілдіктердің болатынын жеткізді.
Айта кетейік, «Biotrend energy» компаниясы халықаралық стандарттарға сәйкес таза қуат өндіруді мақсат тұтқан, іргетасы 2012 жылы құрылған энергетикалық кәсіпорын. Онда бүгінде 200-ден астам білікті қызметкерлер жұмыс істейді.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі