ТҮРКІСТАН: 100 тарихи-мәдени нысанға ғылыми сараптама жүргізіледі

0
935

13 мәдениет үйі (кітапханасымен бірге) пайдалануға берілді.


ТҮРКІСТАН: 100 тарихи-мәдени нысанға ғылыми сараптама жүргізіледі

Мәдениет саласында Түркістанның өз бренді қалыптасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында мәдениет саласын дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп, негізгі бағыттары айқындалған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы өңірдің рухани және мәдени әлеуетін көтеру, өнер саласында Түркістанның өз брендін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.


«Киелі қаланың, облыстың брендін жан-жақты қалыптастыруымыз керек. Әсіресе, мәдениет саласында Түркістанның өз бренді болғаны дұрыс. Біздің бишілеріміз де, әншілер мен ансамбльдеріміз де өзімізден шығатын әрі Түркістан екенін білдіріп тұратын сәнді киіммен өнер көрсетулері керек. Түркістан рухани астана болғандықтан туристер біздің мәдениетімізді, ежелгі дәстүрімізді көргісі келеді. Таланттарды іздеңіздер, конкурс ұйымдастырыңыздар. Өткізетін мәдени іс-шараларымыз республикалық, халықаралық деңгейде болуы қажет. Мәдениеттің барлық бағытын дамыту жұмысын жандандырыңыздар. Жауапты басқарма болғасын, аудан, қалалардың да мәдениетін жандарыңыздар. Мәдениет үйлері тек жиналыс өткізетін орынға айналмасын. Әрбір ауданның өзіндік тіршілігі болғаны сияқты, қайталанбас мәдениет бағдарламасы да болуы тиіс. Олардың заманауи бағытта жұмыс істеуін қадағалаңыздар. Сонымен қатар кітапхана пунктерін ашуды көбейтіңіздер. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазір жас режиссерлар аз қаржыға жақсы сериалдар түсіріп жатыр. Туындылары орталық Азия елдерінде таралуда. Солармен байланыс орнатып, Түркістанды насихаттайтын жобаларды жасау керек. Креативті индустрияны дамыту – уақыт талабы», – деген Дархан Сатыбалды басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді.


Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, креативті индустрия аймағын құру жұмыстары қолға алынуда. Биыл мәдениет саласын дамытудың негізгі 6 бағыты бойынша жоспарлар дайындалған. Түркістан қаласының монументті өнер туындыларының орнатылуы туралы тұжырымдама дайындалды. Соңғы 3 жылда орнатылған монументті өнер туындыларына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 17 заңсыз орнатылған монумент заңдастырылды.


Биыл ЮНЕСКО-ның халықаралық тізіміне енгізу мақсатында «Арпаөзен» тарихи-мәдени кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 5000-нан астам петроглиф сыры ашылып, халықаралық тізімге енгізу бойынша ұсыныс жолданады. Қазіргі таңда петроглифтердің есеп карточкалары, ғылыми сараптамалары дайындалып, жаңадан тарихи-мәдени мұра нысандары анықталды. Биыл аталған петроглифтерге зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Облыстағы алдын ала есепке алу тізімінде тұрған жергілікті 100 тарихи-мәдени мұра обьектілеріне ғылыми сараптама жүргізіледі.


2023 жылы «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 13 мәдениет үйін (кітапханасымен бірге) пайдалануға берілді. Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында өнім беруші үйірмелер арасында тұңғыш рет облыстық өнер байқауы ұйымдастырылмақ. «TURKIsTANYM» жобасы аясында өңірдегі киелі орындар мен Түркістан қаласындағы ерекше орындар туралы танымдық роликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы насихатталуда. Ауылдарда отандық киноларды насихаттау бойынша тұрақты түрде кинокөрсетілімдер ұйымдастырылған. Сондай-ақ кітап оқитын оқырмандар санын арттыру, халық мәдениетін көтеру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар ұйымдастырылды.


Биыл тұңғыш рет республикалық деңгейде жаңа термелер байқауын ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар республикалық деңгейде атап өтілетін тұлғалардың мерейтойларын атқару бағытындағы шаралардың жоспары әзірленуде.


Облыстағы өнер мекемелеріне қосымша штаттық бірліктер беріліп, кәсіби мамандар тұрақты жұмысқа тартылды. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Jana Lep» өнер ұжымы қалыптасты. «Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанып, өнер майталмандары мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Аталған ұжым аудан, қалалардан бөлек, көрші облыстарда да өнер көрсетпек.


Облыста әлемге белгілі көркемөнер ұжымдары мен орындаушылардың, театрлардың гастрольдерін, сондай-ақ ірі шетел музейлерінің көрмелерін ұйымдастыру көзделуде. Облыстық «Балтаңдай», республикалық «Түркістан дауысы» дәстүрлі форматта өткізіледі. Халықаралық «Voice of Turan» байқауы биыл ерекше форматта өтеді деп жоспарлануда.