Бір жыл көлемінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 102 055 адамға (26,2 пайызға) азайған.
Түркістан облысында 1,8 миллионға жуық тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы бойынша медициналық ұйымдарға 2 075 225 адам тіркелген. Оның ішінде, сақтандырылған азаматтар саны – 1 787 237 (86,1%), сақтандырылмағандар саны 287 988 (13,9%) адамды құрайды. Бір жыл көлемінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 102 055 адамға (26,2 пайызға) азайған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды. Күн тәртібінде өңір халқын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі қаралды. Жиынға салаға жауапты басқарма басшылары, аудан-қала әкімдері, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
– Халықты МӘМС жүйесіне тарту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, атқарылатын шаралардың орындалу барысын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Сондай-ақ қазіргі таңда қала, аудан аумақтарында тұрғындардың рұқсатынсыз медициналық ұйымға тіркеу жағдайлары орын алуда. Осыған сәйкес, аталған жағдайлар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарына сәйкес қатаң түрде бақылауды тапсырамын, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады. МӘМС жүйесіндегі өзгерістердің бірі – сақтандыру есебінен қаржыландырылатын медициналық қызмет түрлерінің кеңеюі. МӘМС пакетіне созылмалы және әлеуметтік мәні бар аурулар енгізілді. Бүгінде Д есепте тұрған науқастарды МӘМС жүйесімен толық қамту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. МӘМС жүйесінде жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар және соңғы үш ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған, яғни жұмыс істемейтін және әлеуметтік саламаттылықтың Д, Е деңгейіне жататын адамдар үшін жарналарды төлеу жергілікті атқарушы органдардың қаражатынан жүзеге асыру көзделген.
Сонымен қатар жиын барысында Д және Е әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыс деңгейіндегі тұрған адамдарды МӘСМ жүйесіне тарту бойынша Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаев есебі тыңдалды.
«Отбасының цифрлық картасы» дерекқорына сәйкес, бүгінгі таңда дағдарыс D және Е деңгейіндегі 138 789 отбасы есепке алынған. Оның ішінде, 114 156 адам МӘМС жүйесімен қамтылмаған.
МӘМС жүйесіндегі өзгерістер туралы халықты уақытылы және кеңінен хабардар ету, МӘМС жүйесімен қамту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар зерделенді. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы медицина ұйымдарында МӘМС жүйесіне тарту бойынша 2254 семинар өткізіліп, 98 606 адам қамтылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қор филиалы бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында МӘМС және ТМККК шеңберінде 45 мемлекеттік, 68 жекеменшік медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді.


