ТҮРКІСТАН: 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

0
496

Өткен жылы 20 мектеп пайдалануға тапсырылған.


ТҮРКІСТАН: 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Биыл Түркістан облысында 22 білім ұясы күрделі жөндеуден өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы туу және табиғи өсім көрсеткіші бойынша елімізде алғашқы орында. Сәйкесінше, білім алушылар санынан да алдыңғы қатарда. Өңірдегі елді мекендер жыл сайын мемлекеттік және жеке инвесторлар есебінен жаңа білім нысандарымен толығуда. Өткен жылы 20 мектеп пайдалануға тапсырылған.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын реттеу және қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары атқарылуда. Биыл облыстағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарға жалпы 7,7 млрд. теңге қаржы қаралды. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 2,7 млрд. теңгеге 7 мектеп қамтылса, облыстық бюджеттен бөлінген 4,9 млрд. теңгеге 15 мектеп жөндеуден өтпек. Бес білім ұясын биыл 1 қыркүйек пайдалануға беру көзделуде. Ал, қалған 17 мектептегі құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.


Сонымен қатар, облыс мәслихаты шешімімен кезек күттірмейтін Бәйдібек, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласында орналасқан жөңдеу жұмыстарын жүргізуге қосымша 3 мектеп тізімге ендіріліп, жеңімпаз мекемелерін анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы облыс басшысының тікелей қадағалауында.


Облыста 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемі 80 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда 66 мектептің ЖСҚ-сы дайын. Бұл білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу үшін 50,4 млрд. теңге қаржы қажет. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.


Айта кетейік, қазіргі уақытта аймақта жалпы 1052 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мемлекеттік мектептердің 720-ы типтік ғимаратта, 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Оның ішінде 33 мектепте оқушылар саманды ғимаратта білім алады. Сонымен қатар облыста 5 үш ауысымды және 4 апатты тіркелген.