Бұл бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
Түркістан облысында 3 жылда 201 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Аталған жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кооперация арқылы ауыл экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Саладағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауына алынған.
2023-2025 жылдар аралығында облыста «Ауыл аманаты» арқылы 103 кооператив 2,7 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Жалпы осы жылдары өңірде 201 жаңа кооператив құрылған. Бұл қаржы өндірісті кеңейтуге, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға, қайта өңдеу мен қызмет көрсету бағыттарын дамытуға мүмкіндік берді. Бүгінде облыс бойынша жалпы 941 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Оның 181-і өсімдік шаруашылығында, 131-і мал шаруашылығында, қалғандары қызмет көрсету саласында еңбек етуде.
Ауыл шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау 2019 жылдан бастап толық автоматтандырылған форматта жүзеге асырылуда. Субсидиялау үдерісі Gosagro.kz және subsidy.plem.kz электронды ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі. Бұл жүйелер мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасындағы тікелей байланысты барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға оң ықпал етті. Сонымен қатар өтінім беру процесінің ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Платформаларда субсидиялау бойынша нұсқаулықтар, жауапты мамандардың байланыс нөмірлері орналастырылған және Call Center тұрақты жұмыс істейді.
Түркістан облысында бүгінде 89,4 мың агроқұрылым жұмыс істейді, бұл –республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. Оның ішінде 79,2 мыңы – шаруа қожалығы, 6,3 мыңы – жеке кәсіпкер, 3,9 мыңы – заңды тұлға. Жыл сайын шамамен 25 мың агроөнеркәсіптік кешен субъектісіне мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2025 жылы 9 бюджеттік бағдарлама аясында 47,6 млрд теңге бөлініп, 22,3 мың АӨК субъектісі қаржылай қолдау алды.


