ТҮРКІСТАН: 41 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі

0
151

115 мектеп жаңғырту жобасына енгізілді.


ТҮРКІСТАН: 41 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі

Биыл Түркістан облысындағы 41 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз бойынша 1300 мектепті жаңғыртуды тапсырған болатын. Осыған орай, Түркістан облысында білім беру нысандарын жөндеу және жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілмек.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде 115 мектеп жаңғырту жобасына енгізілді. Бұл жұмыстар 2025-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биыл 41 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде, 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалса, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.


Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мектептерді жаңғырту жобасы аясында атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Жиынға білім басқармасының жауапты мамандары, білім бөлімдері басшылары мен мердегілер мекемелердің өкілдері қатысты. Жұмыстардың сапалы және уақтылы атқаруды тапсырған әкім орынбасары жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім ошақтарын толықтай өз қадағалауында ұстайтынын алға тартты.


— Жаңғырту жұмыстары оқу сапасын арттырумен қатар, оқушылардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік береді. Бұл — ауылдағы баланың да қаладағы замандасымен тең дәрежеде білім алуына жол ашатын әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі. Осыған байланысты бюджеттің әрбір тиынын үнемдеу қажет. Нақты, қажетті жобаларға қолдау көрсетілуде. Мектептерді жаңғырту жобасын жүзеге асыру барысы басты назарда. Оқу жылы басталғанға дейін аяқтау керек деп емес, білім ордалары сапалы қайта жаңғырудан өту керек деп жұмыс жүргізіңіздер. Мердігер мекемелердің басшылары да күнделікті бақылауға алыңыздар, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Бұл мектептердің басым бөлігі — 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған ауыл мектептері. Жөндеу жұмыстарына тек ғимараттар ғана емес, асханалар, кітапханалар, спорт залдар, пән кабинеттері мен сынып бөлмелері толық жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі мен жиһаздармен қамтамасыз етіледі.


Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 26 мектептің 6-ның қаржысы облыстық бюджеттен қаралған. Ал 3 мектепті «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен жөндеу көзделген. Ал 2026-2027 жылдары 74 мектеп жаңғыртудан өтеді деп жоспарлануда.


Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1089 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы оқып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік 920 мектепте 503 665 оқушы оқыса, жекеменшік 167 мектепте 51 088 оқушы білім алуда.

Бөлісу