ТҮРКІСТАН: 50 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

0
71

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бекітілген жоспарды мерзімінде орындауды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: 50 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Түркістан облысында 50 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 40 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, бүгінгі таңда 47,6 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бекітілген жоспарды мерзімінде орындауды тапсырды.

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланушыларға берілген хабарламалардың орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізуді және жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Мал басы тіркелмеген жайылымдық жер мен пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыру керек, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жиында Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің қоғамдық жайылым жерлерді қайтару, агроөнеркәсіп кешені бойынша өзекті мәселелерді зерделеу жұмыстары жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2026 жылға министрлік тарапынан мақсатына сай пайдаланылмаған жерлерді қайтару, жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушыларға хабарлама беру, мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдарды қоғамдық жайылымға бекіту жоспарлары әзірленген. Облыс бойынша 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаларда 4527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін мақсатына сай пайдалануы бойынша хабарлама берілген.

Жыл басында елді мекендерде 531,1 мың гектар қоғамдық жайылым тапшылығы анықталған. Биыл елді мекендерді қоғамдық жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектарын ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым үшін бекіту жоспарланып, есепті мерзімге 165,6 мың гектар жайылым жерлер қоғамдық жайылым үшін бекітілді. Бүгінгі таңға қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарды құрап отыр.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында берілген тапсырмаларды орындау бағытында өңірде салық төлеуді, инвестициялар тартуды және тиісті ауылдық аумақтарды дамытуды қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Жұмыс органы тарапынан жалпы 97 жер пайдаланушының 181 жер учаскесіне қатысты құжаттары қаралды.

Былтыр мемлекет тарапынан 541 жеке және заңды тұлғалардан 6831,0 млн теңгеге 1936 субсидия өтінімдері тіркелген. 2025 жылы жалпы субсидия алған 541 жеке және заңды тұлғалар салық төлеуші ретінде тіркеліп, 213 жеке және заңды тұлғалар тарапынан 23,7 млн теңге салық төлемдері жүргізілген.

Сондай-ақ жиында агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында құрылған жұмысшы топтың зерделеу нәтижелері, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестігін нақтылау бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Жайылым жерлердің қайтару барысы облыс басшысының тұрақты бақылауында тұр.

Бөлісу